XXVIII қысқы Дүниежүзілік универсиада 2017 жылы 28 қаңтар мен 8 ақпан аралығында өтеді. Алдын ала мәлімет бойынша, оған FISU альянсына кіретін 50 елден бес мыңнан астам студент қатысады. Шамамен үш мыңға жуық еріктілер қатарын жұмылдыру жоспарлануда.
Мегаполисті ірі спорттық шараға дайындаудағы инфрақұрылымдық база қызметін 2011 жылы өткен 7-қысқы Азия ойындарына арнап салынған нысандар атқарып отыр. Атап айтқанда, «Сұңқар» халықаралық шаңғыдан секіру кешені, Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайы және Алматы облысындағы Шаңғы-биатлон стадионы универсиада жарыстарын қабылдайды. Спорт жарыстары сондай-ақ «Медеу» мұз айдынында және «Шымбұлақ» тау-шаңғылы курортында өтеді. Универсиада үшін қосымша тағы Мұз сарайы, Мұз аренасы және Атлеттер қалашығы салынады.
Универсиада аясында Қазақстанда спорттың 13 түрінен (8 міндетті және 5 қосымша) жарыстар жоспарланған. Мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғысы спорты, сноубординг, биатлон, шаңғы жарысы, шайбалы хоккей, керлинг міндетті спорт түрлеріне кіреді. Ал қабылдаушы тараптың ұсынысы бойынша енгізілетін қосымша спорт түрлеріне шаңғымен тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы, фристайл, конькимен жүгіру спорты және бенди кіреді.