"Жас дарын" мектебіне қош келдіңіздер!
Президенттің 1996 жылғы 24 мамырдағы № 3002 «Дарынды балаларға арналған мектепке мемлекеттік қолдау, дамыту туралы» өкіміне сәйкес Павлодар қаласында Павлодар облысы әкімінің 1999 жылғы 19 тамыздағы шешімі негізінде дарынды балаларға арналған оқу мемлекеттік тілде жүргізілетін арнайы жалпы білім беру мектебі ашылды.
Ең алғашында бастауыш сыныптармен ғана ашылған мектеп бүгінгі күні элитарлық білім беру ордасына айналды. Бірінші күннен бастап мектепке қабылданған оқушылар талантты, білімді ұстаздар құшағына алынып, білім нәрін қабылдады.
Мектеп миссиясы:
Оқушыларға тез өзгеретін әлемде табысты өмір сүруге, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуға және өз елінің азаматы болуға мүмкіндік беретін сапалы білім беру үшін жағдай жасау.
Мектеп тарихын сипаттайтын бағыттар:
1999-2001 – мектептің ұйымдастырылуы,
2001-2003 – мектептің жаңа білім парадигмасына шығуы, тұлғалық-бағытталған (нәтижеге бағытталған білім)
2003-2005–мұғалімнің дарынды балалармен жұмысқа дайындығы .
2005-2007 – білім мазмұнының іріктелуі, аймақтық компонент
2007-2009 – дарынды балаларға арналған шығармашылық дидактика
2009-2012 – креативті педагогикалық менеджментінің негізін жалпыландыру.
2012-2017 – креативті менеджмент, НЗМ тәжірибесін тасымалдау
2017-2019 –жеке тұлғаға бағытталған оқу-тәрбие үрдісі
2019-2023-Білім беруді тұрақты дамыту жағдайында мектептің бірыңғай білім беру кеңістігі мазмұнын жаңарту
Білім ұясын алғашқы ұйымдастырушысы, мектеп директоры Мұқашева Гүлбаршын Жұмажанқызы болды. Гүлбаршын Жұмажанқызы мектептің жұмыс істей бастаған алғашқы күндерінен бастап, мектеп жұмысын өзге мектептерге ұқсамайтын жаңа бағытта құра білді. 2007-2018 жылдары математика пәнінің жоғары санатты ұстазы, Білім беру саласының құрметті қызметкері Хасанова Сәуле Төлегенқызы мектеп директоры болды. 2018 жылдан бастап мектеп директоры- Жанғазы Гульнар Садыққызы. Алғашқы бастауыш сыныптарды ашқан мұғалімдер: Жарова Тоқмейіл Жайлауқызы, Ақатаева Алма Мәжитқызы, Қабылова Күлкен Қазезқызы.
Сол күннен бастап еңбек еткен ұжымның нәтижелі еңбектерінің негізгі көзі - дарынды баланы қателеспей анықтау, оның қабілеттерін дамыту, нақты сол баланы дамытудың тиімді жолдарын табу, оны тәрбиелеуге қатысы бар ата-аналармен қарым-қатынас жасау, ең бастысы – дарынды балаларға арналған мектепте шынайы өмірге жақын кеңістік орнату.
Жылдан жылға оқушылар саны көбейіп 2003-2004 оқу жылында мектеп орта мектепке айналды, сол жылы мектеп алғашқы түлектерін ұшырды.
Алғашқы пән олимпиадаларына және ғылыми жоба сайыстарына қатысып, жүлделі орындарға ие болған оқушыларды оқытып тәрбиелеуде ерекше еңбектері бағаланатын ұстаздардың есімі мәңгілік мектеп тарихына жазылады. Олар, филология ғылымдарының докторы, Амангелді Рақышұлы Бейсембаев – бірнеше дүркін интеллектуалдық сайыстарының жеңімпаздарын дайындаған, шәкірттерінің арасында республикада орыс тілі пәні бойынша мектебімізде алғашқы рет күміс медальға ие болған Сейсембекова Жұлдыз (2004 ж.) бірінші алтын медаль иегері Байтенова Гүлнар (2008 ж.) екі рет күміс медальға иеленген Жұманиязов Айдын (2005ж., 2006ж.). Математика пәнінің мұғалімі Бокаева Роза Сұңғатқызының қалалық, облыстық деңгейдегі олимпиадаға қатысқан оқушылардың арасынан республикада ғылыми жоба сайысының ІІІ дәрежелі жеңімпазы болып шыққан Асаинов Ренат ҰҚК академиясының түлегі, ал халықаралық ғылыми жобалар сайысына криптография бойынша 2005 жылдың түлектері Смагулов Ерден мен Смагулов Даниярдың ұсынған жұмысы ерекше бағаланып дипломмен марапатталды. Физика пәнінің мұғалімі Гүлнар Рашатбекқызы Елтаеваның оқушысы Тажипов Диас физика пәні бойынша облыс олимпиадасында жеңімпаз атанып, Мәскеу мемлекеттік университетінің кибернетика және есептеу математика факультетін бітірді. Дәл солай биология пәнінің мұғалімі Оспан Орынгүл Оспанқызының оқушысы Матаев Қуаныш 2002-2003 оқу жылы облыстық олимпиадада жеңімпаз атанды. Қазақ тілі пәнінің мұғалімі Қанипа Досжанқызы Түсіпова және математика мұғалімі Давид Григорьевич Ганелин екеуі 11-сынып оқушылары Адамов Нұрлан мен Рысбаева Динараны жетелеп дайындаған ғылыми жобасы республикалық байқауда ІІІ дәрежелі орынға ие болды. Сонымен, мектептің жаңа ғана қалыптасқан кезеңінде оқушыларымен ұстаздардың ерен еңбектерінің нәтижесіндегі жеңістер мен жетістіктерге толы салған жолы бүгінгі күнге дейін жалғасын табуда.
2014 жылы мектеп «Үздік білім беру мекемесі – 2014 » сайысының жеңімпазы, 15973000 теңгелік әкім грантына ие болса, 2017 жылғы тамыз кеңесінде бірнеше жыл бойы жоғары көрсеткен нәтижелері үшін Павлодар облысының әкімінің тағайындаған 50 миллион теңге көлемінде арнайы грантына облыстық «Жас дарын» мамандандырылған мектебі лайық деп танылды.
Ұжым арасында облыс, республика, халықаралық деңгейде үздік нәтижелер көрсетіп, республиканың «Үздік мұғалім» қатарына енген ұстаздар да баршылық. Мектептегі математика мұғалімі Текенов Арыстан республикалық шығармашылық байқауда І орынды иеленіп, мектептің мерейін үстем етті. Байсарин Ертас Мәдениетұлы 2016 жылы «Үздік Ұстаз-2016», 2017 жылы Куставлетова Айгуль Баяновна «Үздік Ұстаз – 2017» республикалық байқауының жеңімпазы атағымен , 2020 жылы Кайдарова Лаура Сартаевна «Білім беру саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісіне ие болды, 2021 жылы Шайхимов Айдар Абылаевич республикалық байқауда жеңімпаз атанып, «Үздік Ұстаз-2021» атағын алды.
Мектеп оқушылары облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадалардың, түрлі сайыстардың, ғылыми жобалардың жеңімпаздары. Мектеп түлектері ЖОО грант иегерлері, елімізде гана емес, шет елдерде білім алып, еңбек етуде. Мектептен түлеп ұшқан қарлығаштардың әрқайсысы мектеп қабырғасында өзін - өзі жан – жақты таныта біліп, жыл сайын 100% жоғары оқу орындарына түседі. Олар мемлекетіміздегі жоғары оқу орындарында ғана емес, шетелдердерде де оқиды. Мысалға алатын болсақ, мектептің атын әлемге танытқан 2 дүркін Халықаралық олимпиаданың «Алтын медаль» иегері Мохаммед-Али Амир бүгінгі күні әлемдегі үздік оқу орындарының бірі Принстон университетінде (АҚШ),математика пәнінен облыстық олимпиадасының жүлдегері, республикалық олимпиадасының қола медаль иегері Токкожин Аспандияр Мәскеу қаласының «Экономиканың жоғары мектебі» Ұлттық зерттеу университетін аяқтау.
Заман ағымынан бір елі қалмайтын «Жас дарын» мектебі аймағымыздың білім беру саласын алға жетелейтін бірегей мекемелердің қатарында. Мектептің ұстаздар қауымы алдағы уақытта қол жеткізген жемістерін еселей беру бағытында еңбек етпек.