kz en
Павлодар облысы білім беру басқармасының «Жас дарын» мамандандырылған мектеп-лицейі" КММ

Павлодар қаласы, Астана көшесі, 125

Gasdaryn.edu.mail.kz +7 (7182) 61-81-32

Оқушылар шығармалары

                             Жеңіс күні

  Міне, керемет мереке – Жеңіс күні жақындап жатыр. Осы мерекеге биыл 70 жыл толып тұр екен. Соғыс... Бұл сөздің мағынасы әрбіреуге жағымсыз болып келеді. Ол қаншама қайғы әкеліп, қаншама адамның өмірін қиды.Әрбір үй өмірден өткен әкесіне, атасына, баласына, ағасына жылаумен толы болған. Көптеген балалар сүйікті әке-шешесінен айырылып, жетім қалды. Бірақ бұл соғыс адамдардың белін сындырмай, керісінше бүкіл жұртты біріктірген, себебі халықтың бір ғана мақсаты болушы еді- Отанын қорғау. Ал батыр кісілер қандай ерліктерді жасап, атамекені үшін күрескен. Халқымыз бұл қаһармандарымызды ешқашан ұмытпайды. Соғысқа ерлігімен ерлер ғана емес, әйелдер де танымал болды. Олардың ішінде көбі туған өлкесі үшін өмірден өтті. Бізге таныс Мәншүк пен Әлия, қазақтың қыздары солардың қатарында болды. Атамның айтуынша, біздің отбасымыздың өзінде ата-бабамыз Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысқан екен. Атамның үйінде соған қатысты суреттерді көріп отырып, аң-таң болдым. Себебі соғысқа қатысқан ылғи жап-жас әлі оқу орныдарын бітірмеген жасөспірімдер. Қазіргі кезде сондай ержүрек және батыл жастар көп емес. Әрине, бұл заманның өзгеруіне байланысты. Менің арғы атам соғыстан жаралы келді. Ол тірі қалса да, оның жанындағы сүйікті достары мен жолдастары қаза тапты. Біз немерелер атамызды көрген жоқпыз. Бірақ оның қандай батыр болғанын білеміз. Атамыз балаларының амандығы үшін, ұрпағы тыныш ұйықтап, мектепте оқып жүріп көк аспанның астында қуанышпен бақытты өмір кешуі үшін күрескен. Атамыз сияқты батырларға ең маңызды мереке- Жеңіс күні және қазіргі қарияларға да одан басқа сондай маңызы бар мереке жоқ шығар деп ойлаймын. Осы батырлардың ерліктерінің арқасында біз қазір тыныш өмір сүріп жатырмыз. Біздің бақытымыз өз қолымызда. Егерде біз соғыссыз, бақытты өмірді қаласақ, сол мақсатымыз үшін жағдай жасау керекпіз. Біздің міндетіміз сол қаһармандарымызды ұмытпай, есімізде қалдыру. Маған Жеңіс алаңындағы күндіз де, түнде де «Мәңгілік алауының» жарқырауы ұнайды. Себебі ол да біздің тарихимыз,батырларымызды мәңгі ұмытпаймыз!

                                        6 «Г» сынып оқушысы Ахмер Адия

 

                             Жеңістің жетпіс жылдығы

Арада айлар өтті, жылдар өтті,

Біз әлі еске аламыз болған өртті.

Азаттықтың жолында жан пида еткен,

Батырлар да отанын қимай өтті.

 

Бұл сөзімді достарыма мен арнаймын,

Бабаларды батырларға балаймын.

Өмірімде қаншалықты тырыссам,

Қарызымды ғұмыр бойы өтей алмаймын.

 

Жүздеген адам қырылды, көз жұмды.

Қыз – ұлына қарамай, қан төгілді.

Елімізді Тәуелсіздік алғаннан соң,

Қазағымның көк байрағы көтерілді

 

Халқым менің, қадірлейік бабамызды,

Қиындықтан өтіп кеткен атамызды.

Соғыстың зардабынан дүние салған

Батырлар қолымызды нық ұстатты.

 

Жумабекова Айдана,

 6 - «Г» сынып оқушысы

 

 

Жеңіс

Отты жалын ортасында,

Жеңіс туын көрсем деген,

Отан үшін жанын берген,

Батыры көп халқым менің.

 

Бейбіт өмір сүрсін деп,

Ұрпағы үшін күрескен,

Болашағын ойлаған

Сыйлап кеткен бабалар.

 

Міне, бүгін 70 жыл

Толды ұлы жеңіске,

Ұмытпаймыз батырларды

Мәңгі сақтап жүректе

 

Ғабдолла Аружан, 

                                           6 - «Г»сынып оқушысы

 

                                              Жеңіс күні- 70 ЖЫЛ

       Міне, ата-бабаларымыз алып берген Ұлы жеңіске 70 жыл болды. Көп уақыт өтсе де  болашақ ұрпақ ешқашан  ұмытпайды. Соғыста біз туыстарымыздан  айырылдық.Қаншама жастар , әйелдер, ерлер өз елінің намысын қорғау үшін оқуларын, отбасыларын қалдырып, Отан үшін ерлік көрсетті. Олардан көбі үйлеріне қайтқан жоқ,  келгендері қазіргі бейбіт өмірде өмір сүруде.

       Біз қазір аман-есен  тәуелсіз мемлекетте өмір сүреміз. Ел қорғаған батырларға мәңгі қарыздармыз.Сондықтан  ата-бабамызды қастерлеп-құрметтеуіміз керек.

    Менің үлкен атам да соғысқа қатысқан. Аты-Шакар. Өзінің туып-өскен жері үшін соғысқа аттанып, қолына  автоматын нық ұстап, немістермен соғысып, үйіне аман-есен оралды.Оның қазіргі  кезде балалары, немелері бар.       Қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған заман. Жыл сайын 9 мамыр Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерімізді  есімізге аламыз. Батырларымыз - Бауыржан Момышұлы, Талғат Бегельдинов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова сияқы қазақтың атақты батырларын есімізден мәңгі шығармаймыз.

       Соғыс өтсе де, ол ұмытылмайтын із қалдырды. Бұл мереке- бейбітшіліктің жасампаздығын, өз Отаны, туған жері үшін соғысқан батырлардың айбыны, Жеңісті жақындатқан батырлардың ерлік еңбектерінің мәңгі өшпейтіндігін дәлелдейтін күн!!!

 

6-сынып оқушысы Шакаров Амир