Құрметті ұстаздар!
Осынау елеулі күнде сіздерге барша «Жас дарын» мектебінің оқушылары атынан алғыс білдіреміз! Отбасыларыңыздан бақ-береке кетпесін! Оқушыларыңыз әрдайым биіктен көрініп, адал еңбегіңіз ақтала берсін! Мектебіміз әрдайым жақсы жақтарымен ел-елге танымал бола берсін! Бала-шағаңыздың қызығын көріңіздер! Ең бастысы, денсаулықтарыңыз мықты болсын!
Өмірдегі бар жақсылықты сіздерге тілейміз! Тіпті осының өзі сіздің еңбегіңіздің ақысын өтей алмас. Біз сіздердің алдарыңызда мәңгі қарыздармыз!
Жүздеріңізден ешқашан күлкі кетпесін! Сіздерге өзендей өмір, көлдей көңіл тілейміз!
Мұғалім. Бұл адамның ардақты аты,
Білімдік бар биікке шығар саты.
Ең алғаш басталады осы адамнан,
Сүйеді сондықтан да жақын, жаты...
Бар ғалым, барлық қоғам мұғалімді,
Сыйлайды мәңгі бақи беріп төрін.
Сәбит Мұқанов
«Ұстаз – мектеп жүрегі». Ұстаз болу – ұлылық. Әркімнің қолынан келе бермейтін іс. Ол шәкіртке білім ғана беріп қоймайды. Баланың «өмір» атты үлкен мектепке аяқ басуына жәрдем болады.
Ұстазды құрметтеп, оларға әр кез алғыс айту – әрбір пенденің маңызды міндеті. Себебі, Бауыржан Момышұлы айтып кеткендей, болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді.
«Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға»,-демекші, осынау ауыртпашылығы мен жауыпкершілігі мол кәсіпті атқарып жүргендеріңіз үшін көп рахмет!
Егер ұстаздарымыз жылдар бойы бізді ерінбей, шаршамай білім нәрімен сусындатпағанда, дәл бүгінгідей биік жетістіктерге жетуіміз екіталай болар еді. Сол себепті бізге сіңірген адал да ерен еңбегіңіз үшін рахмет!
Әр шаңырақтың үміт күткен ұл-қыздары сіздердің білімдеріңіз бен біліктеріңізге жүгініп, сеніп келуде. Ел ертеңі саналатын жас ұландар бойына білім мен өнерді, шыншылдықты, адамгершілік пен адалдықты, рухани байлықты сіңіріп, оларды тұлғалы азамат етіп қалыптастыруда сіздердің үлестеріңіз мол.
Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы, - деп Ғ. Қайырбеков жырлағандай, сөзі маржан, үні ән ұстаздардың бар болғанын мақтаныш етеміз.
Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі – ұстаздардың қолында. Әрине, ұстаз жүгі – ауыр жүк. Ұстаздырдың әсерлі үнінен, мәнерлеп сөйлеген сөзінен оқушыға деген қамқорлықтың, аналық пен әкелік сезімнің, дана ойдың ыстық лебі есіп тұрған іспетті.