kz en
Павлодар облысы білім беру басқармасының «Жас дарын» мамандандырылған мектеп-лицейі" КММ

Павлодар қаласы, Астана көшесі, 125

Gasdaryn.edu.mail.kz +7 (7182) 61-81-32

«Толқынмен толқын сырласып…»

 

Қазақстан РеспубликасыБілім және ғылым министрлігі

Павлодар облысы

Павлодар қаласының «Жас дарын» мамандандырылған мектебі ММ

 

 

 

 

 

 

VIII облыстық  Мағжан оқулары

«Толқынмен толқын сырласып…» — шығармашылық жұмыс бағыты

 

 

 

ТАҚЫРЫБЫ:

 

«Мағжан Жұмабаев поэзиясындағы

символдың көркемдік қызметі»

 

 

 

 

 

 

 

Саянова Аяна

9 - сынып оқушысы

 

 

 

 

 

 

 

Жетекшісі: Шаймерденова Әлия Тұрсынқызы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Павлодар қаласы, 2020жыл

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

МАЗМҰНЫ:

 

 

Кіріспе....................................................................................................................

1 Символ – мәдениет тілі ....................................................................................1

2 Мағжан Жұмабаев поэзиясындағы символдың көркемдік қызметі .......6-21

Қорытынды......................................................................................................

Әдебиеттер тізімі ...........................................................................................

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Кіріспе

 

Зерттеу тақырыбының өзектілігі: Адамзат қоғамы дамып, өркендеген сайын оның таным-білімі, ой-өрісі арта түсетіні заңды құбылыс. Осымен байланысты санада қалыптасқан ұғымды таныту деңгейі де кеңейе түсетіні белгілі. Ақиқат дүниенің кез келген үзігі тіл арқылы санада таңбаланып сақталады және сол дүниені таныту үшін жұмсалады.

Ақиқат дүниенің сәулесін, ол туралы түсінік, ұғымды санада тұрақты таңбаланып қалыптасқан тілдік құралдардан басқа эстетикалық мақсатта қолданылатын бейнелі құралдармен де таныту жағдайлары кездеседі. Осындай адам санасындағы ақиқат дүниені, сондай-ақ идеалды дүниені эстетикалық-көркем негізде таныту әсіресе өнермен тікелей байланысты шығармашылық таланты бар дарынды тұлғалардың ой жүйесінде туындайды. 

Қазақ тіл білімінде көркем шығарма тілін талдап зерттеудің дәстүрлі әдіс-тәсілдері мен ғылыми негіздерін тереңінен айқындап, шығарма авторының өзіндік ерекшелігі мен көркемдеу шеберлігін танытудың негізгі теориялық үлгісін ұсынған ғалымдар қатарына Р. Сыздық, Е. Жанпейісов, [1] М. Серғалиев [2], Б. Шалабай [3], т.б атап көрсетеміз. Сондай-ақ қазақ поэтикалық тілінің өзіне тән ерекшелігі мен құрылысын жүйелі түрде тұжырымдап, поэзия тілін талдаудың негізін қалаған Р.Сыздықтың іргелі зерттеу еңбектерін атап айтуға болады.[4], [5]. Сөз жоқ, мұндай еңбектердегі тұжырымдар мен пайымдаулар, нәтижелер жаңа бағыттағы зерттеулер үшін маңызды болып саналады.

Зерттеу жұмысымызда ұлттық-мәдени бірлік болып табылатын сөз - символдардың құрылымын талдап, әртүрлі тілдік құралдармен көркем эстетикалық деңгейде көрінуін суреткердің шеберлігімен байланыстыра зерттеу үшін негізгі нысана етіп Мағжан поэзиясын алдық. Өйткені, Мағжан поэзиясында көркем әдебиеттің негізін құрайтын мәңгілік тақырыптар жарқырай көрінеді. Мағжан өлеңдері символға толы, сезімді жаулап алатын ұлы қасиетке ие. Автор символдарды өз өмір тәжірибесі арқылы көркем бейне түрінде өңдеп, тереңінен игергені байқалады. Зерттеуде Мәшһүр ЖүсіпКөпеев шығармаларындағы символдармен салыстыра талдау жасадық. Бұл арқылы тұлғалық санада және ұжымдық санада дүние бейнесінің таңбалану ерекшелігі мен тілдік көрінісін ажырату аталмыш зерттеудің өзектілігін танытады.

Зерттеу нысаны мен дереккөздері: Мағжан Жұмабаев поэзиясы

Зерттеудің негізгі әдістері мен тәсілдері. Зерттеу жұмысының мақсаты мен тақырып ерекшелігіне байланысты сипаттама, салыстырмалы талдау мен жинақтау, ассоциативтік әдістері, концептілік талдау, жүйелеу және оны түсіндіру, тікелей байқау, аналитикалық талдау әдістері қолданылды.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Мағжан Жұмабаев шығармаларындағы символдардың қалай көрініс тапқандығын ашу, олардың ұлттық болмысты танытудағы рөлін айқындау. Осы мақсаты орындау барысында мынадай міндеттерді шешу көзделді:

- ақын поэзиясындағы символдардың көркемдік қызметін ашу:;

- ақын поэтикасындағы «су», «от», «жер» символдарының қалай көрініс тапқандығын айқындау, олардың ұлттық болмысты танытудағы рөлін көрсету;

- концептілік талдау жасау үлгілерін ұсыну.

Зерттеудің болжамы: Зерттеу барысында қол жеткен нәтижелер мен тұжырымдар, талдау жасалған тілдік деректер мен үлгілер көркем шығармаға әдеби талдау жүргізу барысында, ассоциативтік, түсіндірме сөздік құрастыру жұмыстарында, бейнелі сөздер сөздігін жасау барысында пайдалануға болады.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен нәтижелері:

- Мағжаншығармаларының танымдық мәні анықталды

- ақын поэтикасындағы сөз-символдардың қалай көрініс тапқандығы айқындалды;

- олардың ұлттық болмысты танытудағы рөлі көрсетілді

- ақын поэтикасындағы символдар танымдық тұрғыдан кеңінен талданды

Зерттеу жұмысының құрылымы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан,  пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

 

1 СИМВОЛ – МӘДЕНИЕТ ТІЛІ

 «Символ Ахмет Байтұрсынов тарапынан бернелеу, Қажым Жұмалиев тарапынан психологиялық егіздеу түрінде әдебиетімізде ежелден келе жатқан көне ұғым екендігі айтылғанмен, ағым ретінде Аймауытов көрсеткендей, қазақтың өз ішінен шықпайды. Мағжан мен Берниязға орыс символизмі арқылы «аударылады» және ол, бірқатар автор тұжырымдайтындай, кеңес тұсындағы тұрпайы социологияға наразылықтан тумаған. Схемалық түрде Мағжан поэзиясы ағартушы реализм, сыншыл реализм, романтизм, символизм жаңа заман әуеніне көшу сатыларын өткерген»,- деп пайымдайды Ш.Елеукенов[6, 55].

Символ – таңба. Алғашқыда бұл сөз құпиялы, шартты мағынаға ие кез-келген заттық белгіні білдірген. Сонау көне дәуірдегі символ «жеке куәлік» ретінде қолданылған. Қазақстан энциклопедиясында символға: «Символ – белгілі бір нәрсені өз қалпынан өзге жанама сипатында алып көрсетуден туатын эстетикалық категория. Символданған образ көбінесе айқындықтан айырылып, бұлдыр түсінік береді, символ жалпы адам санасының даму тарихына сай өрбіген көне категорияның бірі. Алғашқы қиялдау, болжау, ертедегі түсініктер, наным-сенімдер – символдың шығуына әсер еткен құбылыстар» [7, 157] ,-деген анықтама беріледі.

Символдың шығу төркіні тереңде жатыр. Дегенмен, бүгінгі таңда символдың қалыптасу тарихы арыда жатса да, «символ» ұғымының ауқымы кеңіп, лингвистика, философия, семиотика, психология, әдебиеттану, мифпоэтика, фольклористика, мәдениеттану т.б. ғылым салаларының негізгі зерттеу нысаны болып отыр. Мұның өзі символдың табиғатын ашуда бір ғана ғылым саласының жетістігіне сүйенудің жеткіліксіздігін танытады. Яғни символдың қай қырынан қарасақ та, өзге ғылым тұжырымдарымен де санасуымыз керек.

Осыған байланысты символды тануда түрлі көзқарастар бар.

 - символ – таңбаға тепе-тең ұғым;

- өмірді өнермен образды түрде игеруді білдіретін жан-жақты категория;

- мағынасы шартты, басқа нысан мағынасына ұқсас белгілі бір мәдени нысана;

- символ - өзінің алғашқы мазмұнын мазмұнға форма беруде қолданатын таңба ретінде кездесетін символды кең түрде түсіну [8].

Символдық ұғым кең мағына сында белгілі бір мазмұнды басқаша (таңбалық) формада бейнелеу деп түсініледі. Бұл орайда кодтау үрдісімен сәйкес. Ал тар мағынасындағы символ дегеніміз жалпыланған мәнді, дерексіз мазмұнды көрнекті модель, сезімдік бейне арқылы беру. Сөйтіп, ол негізінен, танымның «ішкі тектерін», яғни қырларын сипаттайды.

А.В.Луначарский: «Өнердегі символика – кең ұғым. Суретші толассыз сезімдер мен сансыз идеяларды бейнелі, сезімдік түрде бергенде, абстрактілі ойлау арқылы емес, сіздің елестетуіңізбен жүрегіңізді образға әсер ете суреттейді» [9, 335 ] ,-дейді.

Символ – поэтикалық образ жасаудағы ақындар пайдаланған тәжірибеден өткен өнімді тәсілдердің бірі. Символ поэтикалық суреттеу құралы. Әдебиет тарихынаан символды әдіс-тәсіл шеңберінен шығып, оны тұтас бір дүниетанымға айналдырып, әдебиет пен өнерде, философияда белгілі бір ағым, мектеп жасаған әдебиет, өнер, философия өкілдері белгілі. Ол ХІХ ғасырдың екінші жартысында дүниеге келген символизм бағыты. Символистер үшін символ тек ғана жай бір қабылданған белгі емес, ол олардың өмірге деген дүниетанымдық көзқарастарын белгіледі.

Символизм бағытының көрнекті өкілі А.Белый символды ойлаудың, өмірдің бейнесі ретінде таниды: «Символ - көрінбейтін, танымнан, сезімнен тыс, сөзге тән емес нәрсені нұсқау. Ол – көркем образ, бейне, құпия, сырлы әлемге апарар жол, ақиқат дүниенің категориясы» [10, 5 ].

Академик Р.Сыздықова: «Қазақ поэзиясының тілін зерттеушілер символ дегенді кеңінен арнайы сөз еткен емес» ,-дей келе, «символ идеяның заттық нышаны, астарлы образы» [4, 89] ,-деген тұжырым жасайды. Бұл зерттеу символды поэтикалық тұрғыдан қарастыруға арналған.

Қазақ ғылымында символды зерттеу өз бастауын Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Ә.Марғұлан, М.Әуезов, С.Мұқанов еңбектерінен алса, символға көптеген әдебиеттанушы ғалымдарымыз өзіндік бағасын берген деуімізге болады.

«Әдебиеттегі, поэзиядағы символ көбінесе келістіріліп жасалған, астарлы мағынасы терең, бүтін бір сурет-бейне қалпында көрінеді» [11, 45]. Әдебиет теоретиктері Қ.Жұмалиев пен З.Қабдолов символды троптың (құбылтудың) бір түрі ретінде көрсетеді де, «бір нәрсені не құбылысты тура суреттемей, бұларға ұқсас басқа бір нәрсеге, не құбылысқа құпия теліп, жасыра жарыстырып, бүкпелей бейнелеу»,- [12, 244] деп түсіндіреді.

Ал әдебиетші ғалым З.Ахметов болса әдебиеттегі символды анықтауда символды образға теңестірген [13, 15]. Соның өзінде осы екі тұжырымның тоқайласар тұсы – «символдың астарлы мағына, жасырын сурет» деген тұжырым болмақ. Символды бұлайша тану орыс ғылымында да бар. Яғни бірінші бағытты ұстанушылар А.А.Потебня, В.Виноградов, А.Лосев болса, екінші пікірді қуаттаушылар – В.Жирмунский, Н.Гей, т.б.

Әдебиеттану терминдер сөздігінде: «символ – әдебиетте ойды астарлап, басқа нәрсені суреттеу арқылы жасалатын нақтылы сипаты бар балама бейне. Жалпыхалықтық тілде кездесетін символда бір нәрсені өз қалпынан басқаша сипатта көрсетіп, сондай-ақ, нақтылы бір затты, нәрсені екінші нәрсенің, не ұғымының жәй баламасы ретінде алу арқылы жасалады. Мысалы, гүл жастықтың символы, ал көгершін бейбітшілік символы ретінде алынады. Бұл жағынан символ тұспалдауға (аллегорияға) өте жақын келеді» [14, 299],-деген тұжырым берілген.

Поэзияда символ көбінесе астарлы мағынаны беру үшін жұмсалып, терең бір бүтін сурет – бейне қалпында жұмсалады.

Ғалым З.Ахметовтің «Бұл жағынан алғанда символ мен тұспалдау (аллегорияға) өте жақын болатынын көреміз. Кең мағынасында астарлы мағына беретін метафора, теңеу сияқты салыстырулардың көбінде символдық мән болатынын байқау қиын емес» [13, 205],- деп беруі өте дұрыс жасалған қорытынды екендігін бірден аңғаруға болады.

Сонымен, символ – жан-жақты, көп қырлы категория, әрбір ғылым саласында символды сол ғылымға тән қырынан қарастырып,  өзінше баға береді. Символға төмендегідей сипаттар тән:

-адам санасының даму тарихына сай өрбіген категория;

-символ – мәдениеттің тұрақты элементі, «мәдениет ескерткіші»;

-символ – белгілі бір мазмұнды басқаша (таңбалық) формада бейнелеу.

Символ кез келген тілдік бірлік тәрізді әр халыққа тән мінез-құлық, наым-сенім, салт-дәстүр, таным-түсініктерін танытады.

Символдың когнитивтік сипаты Қ.Жаманбаеваның «Тіл қолданысының когнитивтік негіздері: эмоция, символ, тілдік сана» атты монографиясында айқындалып, теориялық тұрғыдан анықтама беріледі. Ғалымның көрсетуінше, «Ішкі терең қажеттіліктер символ арқылы оянады. Бұл процесс санаға эмоция арқылы белгілі болады. Енді өз кезегінде сана ішкі қажеттілікті қанағаттандыру үшін қайтадан символдар жүйесіне жүгінеді. Сөйтіп, терең негізі бар қажеттіліктердің сипаты символдар арқылы анықталады. Яғни, сана сыртқы факторларға таңдаулы түрдегі тәуелділігін немесе ішкі өсу, жетілу қажеттілігін белгілі бір модельдің, форманың бойына жинақтау арқылы шешеді» [15, 8].

Символ сезім арқылы танылады. Символ сөз мағынасын ұзақ уақыт мөлшерде сақтай алады, көптеген уақыт бойы адамдар үшін тұрақты сипатқа ие болады. Символ жалпы және тұрақты сипатқа ие.

Символды таңбалық жүйеде қарастырумен семиотика ғылымы айналысады. Семиотика ғылымында символ ұғымы «таңба- символ» ретінде болады. Символ ұғымының бойында таңба мен образға тән элементтер бар. Таңба – гносеологиялық категория, символ – эстетика –гносеологиялық категория, образ – эстетикалық категория.

Көптеген зерттеулерде символ және таңба бір-біріне синоним ретінде жұмсалынады. Жалпы символ сөзі екі түрлі мәнде қолданылады: бірі – тілдік таңба ретінде, екіншісі – тілдік таңбадан күрделірек түрдегі символдық мәнге ие.

Зерттеушілер пікіріне сай, таңбаның негізгі белгісінің бірі – оның еріктілігі. Яғни таңбаның сыртқы дыбыстық жағы мен оның лексикалық мағынасының арасында ішкі уәжділіктің жоқтығы. Тіл біліміндегі зерттеулерге назар аударсақ, тілдік таңба уәжділік пен бейуәжділікке ие. Таңба өзінің  мағыналық мазмұнына ешбір қосымша мағынаны енгізбеуімен сипатталады. Ал символға келгенде, дәл осылай тұжырым жасай алмаймыз.  Егер тілдік таңба мен таңбалаушы, таңбаланушы бірлігінен тұрса, символ тұлға бірдейлігі негізінде өз мазмұнын белгілі бір контекске байланысты күрделендіреді.

Ғалым Қ.Ә.Жаманбаева пікіріне сүйенсек: «Ал жеке сөз терең негізді семантикалық құрылымдарды бейнелейтін дискурста қолданылып, одан кейін сол сөз арқылы берілген ұғымды адам метақұндылық ретінде бастап өткеретін болса, онда атау – сөз де жоғарғы формаға – символға айналады» [15, 104].

Тұлғасының өзгерілмеуі символға атаулық қызметті атқаруға мүмкіндік береді. Егер таңбаның мәні – тек көрсету болса, символдың мәні одан кең.  Ол белгілі бір мәдениеттегі семантикалық қызметі арқылы шындықтың әр түрлі жақтарын бір бүтінге біріктіреді. Сондықтан таңба түсінікті, ал символ талдауды қажет етеді. Таңба шартты және нақты мағынаға ие бола отырып, тек екінші шартты мағынаға ие болғанда ғана, символға айналады. Яғни, символ мен оның мағынасы көптеген жағдайда шартты сипатқа ие. Кез келген зат, оқиға, әрекет өзіндік нақтылықтың шегінен шығатын мағынаға (идеяға) ие болғанда символ ретінде танылады.

Символға символданған құбылыс образының мазмұнының шегінен шығатын идеялық мазмұн тән. Символда тек қана символданған образдың сыртқы суреті түсінілмейді. Образ бұл жағдайда барынша кең түрдегі белгілі бір идеяны арқалайды. Ол шындықтың тек бір бөлігі ретінде өмір сүрмейді, сонымен қатар, басқа бір шындықты кесіп өтеді және бейнелейді. Сондықтан символ мағынасын оның образын тура, нақты тану арқылы ұғуға болмайды. Бұл көзқарасты қуаттай түсетін «символ басқа арқылы және басқа үшін өмір сүреді», «символ өзінің сыртқы тұлғасында белгілейтін бейнесінің мазмұнын қорытады». «Кез келген символ өзі бейнелейтін құбылыстың бейнесінен (шегінен) алшақтайды немесе «символ әрқашан шындықтан алшақ жатады», «символ нақты элемент, ал оның нысаны абстрактілі» дейтін пікірлер бар [16,  37].

Символ көптеген ассоциация туғызуға бейім келсе, таңбада мұндай қасиет жоқ. Оның негізгі қызметі – нақты затты атау.

«Символ» термині зерттеушілер тарапынан әр түрлі түсініктер берілсе де, олардың тоқайласар тұсы – символға тән образдылық, уәжділік.

Символ туралы айта келе, В.А.Маслова: «Символ архетиптілігі – оның маңызды қасиеті және ол екі жақты сипатқа ие. Бір жағынан, символда архетипті құрайтын санасыздық образы ажарланса, екінші жағынан, архетип түсінікті, ол біздің шындық болмысымызға тиесілі» [16, 102] ,-дейді.

Сонымен,  символ -  зерттеуші ғалымдардың пікіріне сай, таңбаның арнайы түрі. Таңбаға төмендегідей қасиеттер сай:

-таңба – идеалды мазмұнды сезім арқылы танылатын құбылыс,

-таңба басқа бір затты (ққұбылысты, оқиғаны) көрсетеді;

-таңба хабарды алу, сақтау, беру үшін қажет.

Ал символға тән ерекшелік:

-сөз-символ болу үшін белгілі бір мәтінде мәдени орын алуы керек;

-көркем-образды тұлғаның болуы;

-таңбаның мәні көрсету болса, символдың мәні одан кең;

-символға архетиптік тән;

-символ мағынасын оның образын нақты тану арқылы ұғуға болмайды;

-символдағы тура мағына өзіндік дербестігін сақтайды, абстрактілі символдық мағынамен салыстырғандағы қалып тең дәрежеде.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

2 МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ СИМВОЛДЫҢ КӨРКЕМДІК ҚЫЗМЕТІ

 

Ж.Аймауытов: «Қазақ әдебиетінде Мағжанның кіргізген жаңалығы аз емес, орыстың символизмінің (бейнешілдігін) қазаққа аударды, өлеңді күйге( музыка) айналдырды, дыбыстан сурет туғызды, жаңа өлшеулер шығарды. Романтизмді күшейтті, тіпті ұстартты»[17, 26],-деп бағалағанындай Мағжан қазақ әдебиетіне орыстың символизм мен сентаментализм ағымдарының нұсқаларын әкелді. Аудармалары арқылы ғана жаңалық енгізген жоқ. Сонымен қатар өлеңдері арқылы, бейнелілік, әуезділік, образдылық, өлеңінің құрылысы т.б. арқылы қазақ әдебиетін жаңа белеске көтерді. Абайдан кейiнгi қазақ поэзиясына соны әдіс-тәсіл енгізген, сыршыл өлең әкелген Мағжан Жұмабаев болды.

Мағжан поэзиясының көркі мен сұлулығы, сыршылдығы мен жыршылдығы, суреткерлiгi мен ойшылдығы талай рет оқырманын тамсандырып, талай дуалы ауыздардың iлтипатына иелендiрiп, бәрін өзiне тәнті еткен. Мағжан поэзиясының осынау құдiрет күшiн өз замандастары толық мойындап, кейi ашық, кейi жұмбақтап болса да жазып та, айтып та кеткен. Жүсiпбек Аймауытов пiкiрлерi Мағжанның сыршыл өлеңдерінің құпиясын ашып берді. Талантты ақынды Ж.Аймауытов Пушкинге теңеген. Мағжанның ақындығын нақ танып, дұрыс та әділ бағалаған.

М.Әуезов Мағжан туралы: «Қазақ жазушыларынан, әрине, Абайды сүйемiн. Бұдан соң Мағжанды сүйемiн. Европалығын, жарқыраған әшекейiн сүйемiн. Қазақ ақындарының қордалы ауылында туып Европадағы мәдениет пен сұлулық сарайына барып, жайлауы жарасқан арқа қызын көрiп сезiнген боламын. Мағжан культурасы зор ақын. Сыртқы кecтeciнен келiсiмi мен күйшiлдiгiне қарағанда, бұл бip заманның шегiнен асқандай. Сезiмi жетiлмеген қазақ қауымынан ертерек шыққандай, бipaқ, түбiнде әдебиет таратушылар газетпен қосақталып, күндeгi өмірінің тepeңiн терген ақын болмайды, заманнан басып озып, iлгерiлеп кеткен ақын болады. Әдебиет үшін деген таңба айқын болмай нәрлi әдебиет болуға жол жоқ. Сондықтан бүгiнri күннің бар жазушысының iшiнен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың бәрiмiздi күмәндi, өте сенiмсiз деп бiлемiн»[18], - деген ой айтады. Мағжанның шығармашылық өмір жолы бүгінгі таңда әдебиетші ғалымдарымыздың зерттеу тақырыбының нысаны болды.  Ақынның еңбегі, өмір жолы жайлы зерттеу еңбектер бар. Қазақ поэзиясына өзінің символдық поэзия өнеріне тән шығармасын әкеліп, қайталанбас ерекшелігімен, сырлы дүниесімен Мағжан ақын халық жүрегінен орын алды.

Мағжан шығармаларына ғалымдарымыз бүгінде әділ бағасын беруде. Мысалы, ғалым Б.Ыбырайым: «М.Жұмабаев творчествосы – отаршылық кезеңінде күйзелген қазақ әдебиетін әлем әдебиетінің деңгейіне көтерген, психологиялық- көркемдік иірімдер мен әлем поэзиясына жаңа өрнектер мен бояулар қосқан эстетикалық құбылыс, көркемдік жаңалық. Ол поэзиямыздың эстетикалық әлемін тың бояулармен, күрделі сезімдік әлеммен байытып, жаңа биікке көтерді»[19, 6]. Анығында Мағжан Жұмабаев поэзиясындағы лирикалық қаһарманда қазақ өлеңдеріндегі кейіпкерлерге ұқсамайды. Сезім-толғаныстарын, жан сырын, сезім арпалыстарын шынайы түрде жайып салады.

Б.Ыбырайым Мағжанның поэзияға әкелген жаңалығы «бейнелеу мүмкіндіктерін молайтатын, көркемдік әлемді байыта түсетін эстетикалық конструкцияны көркемдік концепцияны жеткізуге шебер пайдалануы»[19, 7], -деп атап көрсетеді.

Оның « Мені де өлім әлдиле», «Жел», «Ой», «Күзді күні», «Алдамшы өмір», «Альбомына», «Сағындым», «Сарғайдым», «Түс», «З-ға», «Бүгінгі күн өмір, өлім менікі» т.б. өлеңдері ақынның түңілу сарынында жазған шығармалары. «Қазақ өлеңі тарихының ХХ көгінде Мағжан поэзиясы Шолпан жұлдыздай оқшау тұр... Мағжан – қазақ өлеңіне абайдан кейін дүбірлі өзгеріс әкелген ірі реформатор ақын. Мағжан өлеңге романтикалық өң береді. Адам мен табиғатты қатар алып араларынан өзгеше байланыс іздейді...»[20, 73-74 бб].

Символ – сөзді қолдану шеберліктің бір қыры. Символды қолдану ақынның айтпақ ойын дөп басып, шығарманың бейнелілігін арттыру үшін қажет. Қазақ халқының ауыз әдебиетінде де символ жиі қолданылғандығы белгілі. Қазақ әндерінде жусан деген шөп символ ретінде жұмсалады. 

Абай өлеңдерінде қыз бейнесі – шолпы символы арқылы берілген.

Абай:

Білектей арқасында өрген бұрым,

Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын.

Кәмшат бөрік, ақ тамақ қара қасты.

Сұлу қызды көріп пе ең мұндай түрін? [21, 156]-деген өлең жолдары «Абай жолы» эпопеясында қара сөзбен өрнектеледі: «Сылдырлаған шолпысы әлдеқандай былдырлаған тілмен Тоғжанның келері мен кетерін паш етеді. Шолпы әуелі жиі сылдырлап, аздан соң баяулай басып, тағы біраздан соң анда-санда ғана бір ғана шылдыр ете түсіп ұзап барады. Абай өз жүрегінің аттай тулап соққан дүрсілін естіді. Шолпы үнін сол басып барады. Өзгеше ыстық қымбат шолпы ең соңғы рет бір шылдыр етті де, білінбей кетті. Түн тыныштығы ұрлап кеткендей, жұтып кетті» [22, 313]-. Шолпы- махаббаттың символы ретінде танылған.

Мағжанның «Шолпы» өлеңіне назар аударайық,

Сылдыр, сылдыр, сылдыр...

Қанымды қайнаттың құрғыр

Шық-шық жүрекке тиеді,

Күлпара талқан боп сынғыр!

Сылдыр, сылдыр, сылдыр...

Өзекті өртеді құрғыр

Әдейі іргеден жүреді

Сұлу қыз санадан солғыр [23,22]-.

Қазақ қызының бейнесін сомдауда, сүйген жүректердің сезім иірімдерін ажарлауда үш қаламгер – Абай, Мағжан, Мұхтар – шолпы сөзін қазық етіп, соның айналасында әркім өз қаһарманының образын жасайды. Сонда Абай мен М.Әуезов шолпыны қыз бейнесін танытатын, толықтыратын деталь ретінде алса, Мағжан образдың өзі ретінде қолданған. Десек те, осы үш автор да шолпыны – сұлулықтың, сымбаттылықтың символы ретінде қолданған, ол сұлулық тек сыртқы тән сұлулығы еместігін ерекше сезімталдықпен тап басып көрсетіп, сүйіспеншілік сезіммен астастырған.

Жүрегін жаралаған алғашқы махаббатты Тоғжанның бұрымына тағылған шолпы, шолпының сылдырына дейін Абай өз ынтықтығын білдіреді. Жүрек дүрсілі шолпының сылдырымен үндеседі. Мағжан шолпы арқылы  терең сүйіспеншілігін, өзекті өртердей махаббат сезімін суреттейді. Асау сезім тек шолпының сылдырына ғана бағынып, табына түседі. Демек, символ образ ретінде танылады, сондықтан оған образдылық сипат тән. Бірақ кез келген сөз әрі символ, әрі образ ретінде танылу үшін, ол осы екеуіне тән сипаттқа ие болуы тиіс.

Қазақ әдебиетінде түлкі – қулық, алдамшы мінезді беретін символ. Қазақ халқы символ ретінде түлкіні көбіне қу деген ұғымның орнына жұмсайды. Мағжан өлеңдерінде түлкі осы мағынада қолданылған.  «Алданған сұлу» өлеңінен мысал келтірер болсақ,

Ал бүгін ол көріктің бәрі де жоқ,

Ақмарал аяғыңа дәл тиген оқ.

Өкіндің, жастық, мастық ісің өтті.

Аһ ұрдың, сыртың – жалын, ішіңде шоқ.

Тіліне қу түлкінің тез алдандың,

Ойламай таңдағаны, тез құп алдың.

Тап-таза ат, көркем көрік – бәрі кетіп,

Өміріңше құтыла алмас атта қалдың [23].

Қазақ тіліндегі «су» символы мақал-мәтелдер құрамында келіп ұлттық мәдениетті танытуына көптеп мысал келтіруге болады.

«Таулы жер бұлақсыз болмас, Сулы жер құрақсыз болмас» , «Су жүрген жер береке, Ел жүрген жер мереке», «Халық қартаймайды, Қара жер қартаймайды» ,  «Көп тепкен жерден көл шығады», «Жер құтты болса,Мал сүтті болады. Мақал-мәтелдердің мазмұны көбінесе бір ғана ойды жеткізуді мақсат етеотырып, оны айқындап дәйектей түсу үшін, өзге бір дүниемен теңестіре, салыстыра бейнелеу негізінде құрылады. Мысалы, «Адам қатесіз болмас, Көл бақасыз болмас» мақалын алып қарайтын болсақ, «кез келген адам өмірде қателеседі, қателеспейтін адам болмайды» деген философиялық тұжырымды бақаның сусыз, яғни көлсіз тіршілік ете алмайтын физиологиялық ерекшелігімен салыстыру негізінде сипатталып отыр. Осы секілді мазмұндағы мақал-мәтелдердің қатарына «Жұмсақ ағаш құртқа жем, Жуас адам жұртқа жем», «Бақа жарығы сумен, Қатын жарығы ерімен», «Еңбексіз ит жер, бейнетсіз бит жер» деген мақалдар жатады. 

Адамның барлық танымдық әрекетіне дүниені тануға бағытталған бір дамушы үрдіс ретінде қарау керек, себебі бұл әрекеттер объектінің ұқсастығы мен айырмашылығын ажыратудан басталады. Бұл әрекеттердің нәтижесінде концептқалыптасады. Концептіні анықтау үшін дүниенің кейбір аса ерекшеліктері мен заттық құндылықтары, олардың объектілермен қатынасы, олардың қызметі мен оларға берілген ұжымдық сананың сипаты әрі бағасы айқындалуы қажет.

Бұ ғаламға жарқ етіп нұрың келді,

Он сегіз мың, қуанып, ғалам күлді .

«Аяғымен  бір басар күн бар ма?» -деп,

Қара нәркес көзінен су төгілді.

Концептілер бақыланған, қиялдан туған бейнелерді өзара ұқсастырып,  ұқсас дүниелердің ортақ белгілерін бір ортаға жинақтайды. Бұл білім санада сақталып, субъектінің тәжірибесі ретінде оның концептуалдық жүйесінің құрылымдық элементтеріне айналады. Мысалы,

Бір гауһар  су құйылды  алтын тасқа,

Көзге түсіп көрініп айдай қасқа.

Таңдайыңды суырар,  дәмін татсаң,

Сортаң жердің суынан болып басқа.

«Су» бұл жерде тазалық, мөлдір деген  қазақ танымындағы ұғымдарды берсе, «сортаң жердің суы»  дегенде дәм ерекшелігі арқылы ұғым тудырады. Екі не одан да көп әр түрлі объектілердің (бейне, дүние) әрқайсысы бір элемент ретінде категорияның құрамына ене алады. Осы белгі төңірегіне жинақталған дүниелер бір класқа ене алады. Әрбір класс топтаса келіп, категорияны құрайды немесе маңызды концептілеркодталады.

Мәшһүр Жүсіп шығармаларында су символының берілу сипатына назар аударсақ,

Құдайым жексенбі күн жер жаратты,

Жер-судыәуел бастап – бір жаратты.

Тау мен тас, ағаш пен шөп, көл мен өзен

Түріндей текеметтің түр жаратты.

Су - тіршілік көзі, ақын поэзиясында да су – өмірдің символы, тіршілік көзі.

Шөп шықпас, су жүрмесе, терең сайға

Бейнеттің қазып тауын, әлектенді,

Су беріп Мәшһүр тілдің метініне

«Қанағат туралы жұмбақ өлең» атты қызыл тілді философиялық мәні зор өлеңінде ақын судың  символдық мағынасын дәл тауып қолданады. Ақын өлеңдерінде су тіршшілік көзі ғана емес, у, ашкөздікті сынайтын т.б. қасиетке ие болып та алынады.

Тоймағандар тоя алмай суда қалған,

Бұ жалғанға сусыны емес қанған.

Бір татқанға қанағат қылған жандар

Тәңірі алдына көркейіп мәз боп барған.

Ақын өлеңдерінде су тазартушы, тазалаушы ретінде де танылады.

Бұлақтыңсүт ағатын су ағары

Көрсем деп құмарланған естен танар

Шығармашылық шеберлікпен Мәшһүр енді бір өлеңінде  заманында өз мақсатына жете алмаған, заманындағы кейбір ұнамсыз, жағымсыз жайттармен алысқан, мақсатына қол жеткізе алмаған қаһарманын өзеннен өтсе де ауыздығы болған соң қанып су іше алмаған аттың күйімен салыстырғанын көреміз.

Өзен, көлден бір жүзіп су іше алмай,

Ауыздықпен су ішкен аттай болдық.

Судың тазалаушы қасиеті туралы шығыс поэзиясында да кездесетіндігін білеміз. «Су Иассауи үшін тазалық символы ретінде тұла бойды тазалайтын, ішке кіріп, көңіл кірін жуып-шаятын қасиетімен махаббаттың мөлдір бейнесін жасайды... Су жер қойнынан көз ашып, бұлақ болып  қалай ақса, махаббат та солай адамның батин көзін ашып, көз жасы болып ағады. Жерді тесіп шыққан су қайта мөлдірлене түссе адам да кө жасын ағызып, рухани тазалыққа ие болады. Сонда көз жасы дегеніміз, махаббат белгісі болды ғой! Махаббат белгісі көз жасы болса, ғашықтың махабатын оның көз жасымен өлшенгендей». «Су – ырыстың көзі,Еңбек кірістің көзі» деген қазақ мақалы Мәшһүр поэзиясында берілген.

«Жер» мен «Су» көркемдіктің символы ретінде танылатын болғандықтан, кейде екеуі қатар бір тұрақты тіркестің құрамында да кездеседі. Бұған мына тұрақты теңеулерді атауымызға болады: жер шырайы, судай жаңа, судай жорға, судай таза т.б

«Жер» мен «Су» символының  қатар қолданыс табуы: жер жастанып, су сүйеніп отыр. Жермен қатысты алғыс-қарғыс сөздер:жер жарығын бітедің бе?,  жер қуанышыңды көргір, жер жұтқыр, жер жастанғыр, жерге қарағыр,  жер бол, т.б.

Жер символының мақал-мәтелдердің құрамында келуі: жер түбінен ойлады; Күн түспеген жер көгермес, көсемі жоқ ел көгермес; т.б.

Тіліміздегі «Жер» атауымен байланысты тұрақты сөз тіркестердің, алғыс-қарғыс сөздердің, мақал-мәтелдердің бұлайша мол ұшырасуын көне замандардағы осы жерге табынудың, құрметтеудің уақыт өте келе концептілік мәндерге ауысуының нәтижелері деп түсінгеніміз жөн.

Жердің қасиетті танылуы, жерге табыну ауыспалы мағынасы ретінде оны алмастырады, яғни оның орнына қолданыла береді. Сондықтан Жерді құрметтеушілік осы сөздердің қолданылуынан да байқалады.Ұялу «жерге кіріп кете жаздады», «жер болды», т.б.

Жер айналуына байланысты күннің қозғалысын бақылай отырып, халқымыз уақытты айырған. Қазақ тіліндегі таң қылаң берді, таң сыз берді, таң сібірледі, таң арайланды, таң құлан иектенді, күннайза бойы көтерілді, кіші сәске, сиыр сәске, шабдар сәске, сәске, қан сәске, ұлы сәске, шаңқай түс, тал түс, түс ауды, күн төбеде ауды, күн еңкейді, күн ұясына қонды, күн қызарды, күн батты деген сөз, сөз тіркестері — бір тәуліктің күндізгі мерзіміндегі тікелей күннің аспандағы қозғалысымен байланысты шықкан халқымыздың өзіндік уақыт өлшемдерінің атаулары. Жалпы қазақ тіліндегі көптеген күнтізбе атауларын жердің қозғалысымен байланысты шыққан деп айтуымызға болады.

Символдық мәнге ие сөздердің табиғаты ерекше, ол ерекшелік символ – сөздердің танымдық, ұлттық мәдени, фондық мағыналарын сол тілде сөйлейтін халықтың дүниені тану мен құбылыстарға баға берумен, әлемнің тіл бейнесімен тығыз байланысты. Мағжанның өлеңдерінде «жел»- символ. Ақын шығармасында кездесетін «Жел» бейнесі, бірде рахат тыныштықтың, бірде тағдырдың символы, енді бірде желсөз, өсек-аяң, сыбыс, хабаршы  мағынасында да жұмсалады. Енді бірде «жел»образы елде болып жатқан жамандықты жеткізуші хабаршының баламасы ретінде де алынады. Мағжан Жұмабаевтың фольклордағы қара күш иелерін өлеңдерінде символ ретінде пайдалануында өзіндік әдісі бар. Мағжан шығармаларындағы қара күш иелері қазақ ұғымына жақын, қазақ топырағына лайық пері, сайтан образында алынады. Бұлардың қай-қайсысы болмасын халық сенімінде, санасында иен далада, елсіз мекендерде жүреді. Қасына жақын барған адамдарға қастандық жасайды. Сондықтан ұлттық ұғым бойынша олардың қасына ешкім жақындамайды. Мағжан Жұмабаев өзінің өлеңдерінде ұлттық санада қалыптасқан бұл түсініктердің қаймағын бұзбайды.

Қараңғылық қаптады,

Қайғы ма басқан, түн бе екен?

Сыбдыр-сыбдыр әлде не, -

Жел ме?

Жүрген жын ба екен ?

– деп жындардың түнде жүретінін білдіретін ұлттық санадағы ұғымды көреміз. Бірақ оны ақын халық басына төніп келе жатқан қатердің хабаршысындай етіп, соған балап суреттейді. Елге бір қара түнектің төніп келе жатқанын айтуда халықтың өз ұғымына сай, өз түсінігіне ыңғайлы сөздерді қолданады:

Қарашы кейін бұрылып,

Таудай болып созылып

Қала – бір жатқан дәу пері.

 

Айналасы – тұман, түн,

Дем алысы – от, түтін.

Жарқ-жұрқ етер көздері

– дей келе, Мағжан қолқаны атқан көк түтінге оранған қала тірлігінің, ауылдың жұпарлы ауасымен салыстырғанда жан төзгісіз екендігін ауыл халқына түсіндіру үшін «қала – бір жатқан дәу пері» деп оны ұлттық санаға жақындатады. Ұлттық ұғымда дәу, перілер адамдарға тек жамандық жасаушы, қара күш иелері. Ендеше қала адамдарының қолқасына еніп алған көк түтіннің адамдарға ауру әкелуден басқа жақсылығы жоқ. Міне, осылайша ауыл адамдарының санасына қала тіршілігін жеткізеді. Ұлы суреткердің шығармашылығында тарих тұңғиығын терең түсіну, болашақты болжай білу, бүгінгі өмірдің ақиқатына көз жетізу сияқты терең толғаныстар заманның астан – кестен аласапыран жайымен астасып жатады.

 

Мазасы жоқ жел ерке

Оянып ап тым ерте,

Жорғалай басып кетеді,

Тыныш жатқан түс көріп

Көлдің бетін кестелеп,

Оны әуре етеді.

Жел – еркіндіктің символы. Оның еркелігін, ешкімге мойынұсынбау еркіндігін баса жырлайды. Өйткені ақын жаны сол еркіндікті аңсайды.

Толқыннан толқын туады,

Толқынды толқын қуады,

Толқынмен толқын жарысад.

Күңіренісіп кеңеспен,

Бітпейтің бір егеспен,

Жарысып жарға барысад.

Толқын мен толқын сырласып,

Сырларын ептеп ұрласып,

Толқынға толқын еркелеп,

Меруерт көбікке оранып,

Жыландай жүзге бұралып,

Жарға жетер ентелеп.

Ерке бала былдырлап,

Сылдыр, сылдыр, сылдырлап,

Толқынды толқын қуады.

Ақын толықнға адамша жан бітіреді. Өлеңнің ішкі сырына үңілсек, толқын өлімі мәңгілікке жалғасқан өмір.жарына бал беріп, рахат тапқан өлім, мың қайталанып, мәңгілікке жалғасқан тіршілік. Мағжанның жүрек сырын жеткізетін құралы – оның поэзиясы. Ақынның жүгінері де жүрегі.  

Жүрегім, мен зарлымын жаралыға,

Сұм әмір абақты ғой саналыға.

Қызыл тіл, қолым емес, кісендеулі,

Сондықтан жаным күйіп, жанады да.

Қу әмір қызығы жоқ қажытқан соң,

Толғанып қарауым сол баяғыға.

Түйіннің тоқсан түрлі шешуі бар

Әдемі ертегідей баяғыда.

Әдемі әткенді ойлап айнымасам,

Сұм әмір күшті уын аяды ма?

«Жүрегім, мен зарлымын жаралыға» деп жырлаған ақын үшін «жүрек» - өмірдің символы.

«Жаралы жан» өлеңінде ақын «жүрект» ыза, кек ,шарасыздық, қайрат, мейірім бейнесінде шебер қолданған.

Қысылған сорлы адамның шыбын жаны
Шапшып тұр жүрегінен ыстық қаны.
Ішті өртеп, жүректі елжіретед
Күңіреніп сол сорлының сарнағаны:
«Ойпырым-ай, Алла-ай, Жасаған,
Қысылды ғой шыбын жан!
Қуат кеміп барады,
Көл болды мынау аққан қан.
Тәңірі, өзіңе жылайын,
Хал жоқ, қалай тұрайын!
Жүректі жара жеп барад,
Жасаған-ау, қалай шыдайын?!
Соқпа, сорлы жүрегім,
Шірігенді, ақ білегім!
Мынау қарға, құзғынның
Бердің-ау, Тәңірім, тілегін!

Мағжан шебер қолданған символдардың бірі – у.

Лағнет деп мені жек көрсең,
Өлейін, тез өлейін,
Келсін ібіліс, у берсін!
Түсірме қысым жаныма,
Тұншықтым ғой қаныма!

 

Сауытты оң жақ қолыңа ал!
Сауытта жұмақ суы бар
Әйтеуір азап тоқталады,
He тамұқтың уы бар!»

 

Азамат! Анау қазақ қаным десең,
Жұмақтың суын апар, жаным десең.
Болмаса, ібіліс бол да у алып бар,
Тоқтатам тұншықтырып зарын десең!..

У- қайғыға тұншыққан жанның дертіне дауа дей отырып, шарасыздық халді бейнелеген. « Орамал» өлеңіндегі у- сағыныштың символы.  

Қайғы шығып жүзіне...
Қасірет батты жаныма,
У-ғатолды жас жүрек.
Орамалды жарыма
Бітірем қашан кестелеп?..

«Ескендірдің екі мүйізі» өлеңінде у- арбаушы. Өлеңнен мысал келтірер болсақ,

Қамыс басын шайқады,

Жел өндірді у жырын

Жырлады, құшты, улады

Біліп алды бар сырын

Тағы сене бастаймын

Күнде алдағыш қуларға.

Есім шығып қашпаймын,

Мен ішпеген у бар ма? (Абай, 172).

У– сөзі символ қызметінде. У – қиындықтың, азаптың символы ретінде алынған. Қиыншылықты у мен алмастыра отырып, ақын ауыртпашылықты образды түрде бейнелеп, әсірелілігін артырған. Бұл символдың образдылығын, әсерлеу қызметін көрсетеді.

Абайдың зарлы күйігін, қайғы қасіретін эпопеяда суреттегенде М.Әуезов те осы у сөзін символ ретінде қолданған.

«... Ей, сорлы заман, менен аяған қай қастығың қалды. Мен ішпеген у бар ма!..Жүрегімді көрші міне, жарадан сау жер қалды ма? Мұнша ғазап шеккендей не азап, не айыбым бар?» (Абай жолы, 596).

Абай өлеңдерінде жүрек, көңіл, ой деген сөздер адамның символы ретінде алынып қолданылса, М.Әуезов эпопеясында ақын образын сомдау үшін сол қалпында ақын тұлғасының ішкі жан дүниесін, санасын, рухани толғанысын беру мақсатында осы символдарды  сол қалпында қолданады.

Түлкіқулық, алдамшы мінезді беретін символ. Қазақ халқы символ ретінде түлкіні көбіне қу деген ұғымның орнына жұмсайды. Мағжан өлеңдерінде түлкі осы мағынада қолданылған.  «Алданған сұлу» өлеңінен мысал келтірер болсақ,

Ал бүгін ол көріктің бәрі де жоқ,

Ақмарал аяғыңа дәл тиген оқ.

Өкіндің, жастық, мастық ісің өтті.

Аһ ұрдың, сыртың – жалын, ішіңде шоқ.

Тіліне қу түлкінің тез алдандың,

Ойламай таңдағаны, тез құп алдың.

Тап-таза ат, көркем көрік – бәрі кетіп,

Өміріңше құтыла алмас атта қалдың.

Жыр дүлдүлі Мағжан Жұмабаев поэзиясының эмоционалды-экспрессивтік әсерлілігін одан әрі еселендіре түсу үшін сипаттау, көріктеу, айшықтау, түйдектеу тәрізді әдіс-тәсілдерді шебер қолданады. Әсіресе, өлеңдерінде Алаш, күн, от, ой, у, дерт, жел, өмір, өлім, жан т.б. сөз-символдар жиі кездеседі.

«Алаш» сөзі ақын өлеңдерінде мейлінше жиі жұмсалады. Елін жан-тәнімен сүйіп, өз ұлтының мүддесін қарақан басының қамынан биік қоюдан жаңылған жоқ. Әйтпесе, тар қапаста жатып:

… Не көрсем де алаш үшін көргенім,

Маған артық ұлтым үшін өлгенім.

Мен өлсем де алаш өлмес, көркейер

Істей берсін қолдарынан келгенін…

- деп жазар ма еді?! Бұл нағыз патриотизмнің шынайы үлгісі.

Мағжан Алашына адал, азаттықты аңсап, отаршылдыққа қарсы қайсар поэзия тудырған өр ақын ретінде тарихта аты мәңгі қалады. Ол табиғатты тірі жан иесі ретінде алады. Табиғат пен адамның жан дүниесі, бітім болмысының бірге жырлануы, мінездеудің басымдығы, абстракциялық ой-толғамдардың мықтылығы, лирикалық субьетінің табиғатпен астасып бірігіп кетуі, табиғаттың адамсыз, адамның табиғатсыз күн кеше алмауы – ақын шығармаларының басты белгісі. Нені жырласа да ақын бірінші кезекте өзінің сезімін, ішкі жан дүниесін білдіреді, сонысымен айнала әлемді бірге толғандырып, бірге тебірентеді. Ақын романтикалық күш-қуатқа, фантазияға, қиялға, қанатты ойға ерік береді. Сондықтан оның поэзиясы тылсым сырларға, сұлу жырларға толы. Терең эстетикалық ләззатқа құрылған лирикасы қазақтың сөз өнері үшін жаңа, соны дүние.

Оттың концептуалды өрістері тілімізде тілдік бірліктерде, сөз қолданыстарында, мақал-мәтелдерде, көркем әдебиетте, тұрақты тіркестерде молынан ұшырасады. Көне замандарда отқа байланысты наным-сенімдер болған. Қазақ тіліндегі от басы, от берді, оттай жанды, т.б. фразеологизмдерден көне замандағы оттың құдіретіне сенушіліктің, оған табынушылықтың белгілерін байқауымызға болады. Шынында да көпшілік халықтар, соның ішінде түркі халықтары отты ерекше қадірлеп, отқа байланысты түрлі ырымдар жасаған т.б. отты беріктік ретінде қабылдап жас отауға отқа май құйғызған. Ал ерте дәуірлерде от жер бетіндегі тіршілік атаулыға әсер етеді деп сеніп, отқа табынған. Мұны қазақ арасындағы отқа қатысты наным-сенімдерден көруімізге болады.

Жалынды ақынның поэзиясында «От» сөзінің де символикалық мәнге ие болғаны анық.  Ежелгі түркі жұртының киелі тотемі саналатын «от» ұғымы  Мағжанның «От» деп аталатын өлеңінде негізгі ойды білдіріп, өзінің ішкі болмысын, рухын танытқандай. Мысалы: 

Күннен туған баламын,

Жарқыраймын жанамын,

Күнге ғана бағынам.

Өзім – күнмін, өзім – от,

Сөзім, қысық көзім де – от,

Оттан басқа Тәңірі жоқ.

-деп жалындаған.  Сөзден сурет салып, жан бітірген Мағжанның кез келген өлеңін алсақ та, әсем әрленген, шебер кестеленген бейнелі сөздерді  кездестіреміз. Ең бастысы, ақын ұлтжандылықты дәріптеген, оның айтқан әрбір сөзінен, әрбір дыбысынан ұлттық намысыңды оятатын, жаныңды жігерлендіретін рухты сезінеміз. Ақын поэзиясының негізгі идеялық нысаны - азаматтық сенім. Ол қазақтың көне тарихын жырлағанда оның артта қалушылығын емес, елдің тәуелсіздігі мен бостандығын қорғау жолындағы өшпес ерліктерін, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған кездегі береке-бірлігін жырлады. Оның көптеген өлеңдерінің басты ойы елінің болашағына алаңдау, оны небір зұлматтардан сақтап қалсам деген жан айқайы болып табылады.

Жалпы қазақ ұғымында от жүрек деген тіркес бар.От батылдық пен батырлықтың символы. От сонымен қатар, жамандықтың да белгісі болып табылған. «Отқа қарады», «отқа оранып, суға сүрінді» т.б. Отқа байланысты қатысты алғыс-қарғыс сөздер:оты жанбаған, отын өшірді, отқа түсті т.б.

Жоғарыда аталған отқа қатысты наным-сенімдер мұсылман дінінен бұрынғы түркі халықтарындағы табиғатқа табынудың белгілері.

Оттың символдық мән – мағыналарын құрамында осы атау бар тіліміздегі фразеологизмдерден аңғаруымызға болады. Бұларға қазақ тіліндегі көркемдегіш құрал ретінде қолданылатын мынадай тұрақты теңеулерді атай аламыз: от жүрек, оттай жану, отты көз,  от ағасы т.б.

Жалпы халқымыз көне замандарда оттың құдіретіне сеніп, оған табынса, бертін келе олардағы құбылыстарды, өзгерістерді өздерінше танып, біліп, мұны өмірдің қажетіне пайдалана алған. Сонымен қатар бабаларымыз отты бейнелі сөз тудыру үшін де қолданған. Бұған жоғарыда аталған фразеологизмдер мысал бола алады.

Тіл ұлттың ғасырлар бойы жинаған тәжірибесін сақтап қана қоймай, кейінгі ұрпаққа жеткізуші болып табылады. Тіл арқылы әр түрлі халықтың дүние танымын біле аламыз. Оны жоғарыда ғалымдар пікіріндегідей екінші бір тілмен салыстырғанда білеміз. Мысалы, түркі тілдес халықтардың көпшілігінде отты жоғары бағалап, құрмет көрсетіп, оған сыйынған. От қырғыз, ұйғыр, қарақалпақ, қарачай-балқар тілінде – от; өзбек, татар тілдерінде – ут; азербайжан тілінде – од деп аталады. От сөзінің семантикалық мағынасы әр түрлі болып келеді. Айталық, герман, иран тілдерінде ол «құдай» мағынасын берсе, көне славян тілінде «күн» деген мағына берген.

Отқа табыну – қазақ халқының ежелгі заманнан бері жалғасқан нанымдарының бірі. Отты халық өте жоғары бағалап, қасиетті әулие деп ұқты. Алғаш күн күркіреп, найзағай ойнағанда, «сүт көп, көмір аз» деп үйді айнала жүгіріп ожаумен ұру ырымы да оттың құдіретті күшіне жалбарынудан шыққан болу керек. Ойымызды Ш.Уәлихановтың: «Түркі халықтарында, әсіресе қазақтарда отқа әулиеше табыну бар» деген тұжырымы дәлелдей түседі [24, 208]. От сөзінің өте жоғары қастерленіп, құдай сөзімен тең қолданылғанын тіліміздегі «От ана» тіркесінен байқауымызға болады.«От инее», «От инезі» тіркестері де әйел құдайына қаратып айтылған сөздер, оның қазақша мағынасы «От ене, от енесі, от иесі». «От иесі»матриархат дәуірінен қалған. Осыған байланысты әдет-ғұрыптар, аңыз-ертегілер көптеп кездеседі. Бұл ертегілердің кейбіреулерінде жалмауыз кемпір бейнесі от (ошақ) иесі ретінде суреттелінеді. Оты сөніп қалған қыз жалмауыз кемпірден от алып, үйіндегі ошақты жағады. Осыдан келіп қазақ елінде үй ошағынан «от алу» ғұрпы шықса керек. От культіне байланысты әдет-салт, ырым-жоралар өте ерте заманнан жалғасып келеді.

 Тілімізде «от ала келгендей, от ала келдің бе?» деп асығыс жүрген кісіге айтады. Қазақ тілінде жалпы отқа байланысты наным-сенімдерге қатысты айтылған бір алуан тіркестер бар. Олардың ішінде атаулық ұғымдар, ырымдар, тиым сөздер, тілек-бата мен қарғыс та ұшырасады. Мысалы, «ошақтағы отқа түкірмеу», «күлді баспау», «ошағының оты сөнбесін (өшпесін)», «Түтінің түзу ұшсын», «отын өшкір», «жанбай жатып сөнгір», «от жаққан жер», «от басы ошақ қасы», «отағасы», «отқа май құю», «оты жанбаған (үйленбеген)», «отты су құйып сөндірмеу» т. б.

Жоғарыдағы мысалдардың кез келгенін көшпелілердің өмір салтында бұрыннан қалыптасқан отқа табынатын наным-сенімнен туған деп кейде біржақты кесіп айту қиын. Санаға тұрмыстың әсер етпей қоймайтынын ескерсек, ежелгі адамдардың мифтік-діни танымы мен көшпелі салттың қалай дегенмен де қоршаған ортаға тәуелділігінен туатын таным түсінікті салыстыруға болмайды.

Ошақтағы отты күлмен көміп, келесі кеш келіп қонғанша, сөніп қалмауын ескерген. Бұл бертін келе ұзақ уақыт малшылар тәжірибесінде кездесіп отырды. Мәселен, жер ошаққа сексеуіл, көкпек сияқты ұзақ жанып, қызуын сақтайтын отын түрлерін молдау етіп күлге көміп кетсе, көпке дейін от сөнбей жатады екен.

Адамның тіршілігінде оттың алатын орны зор, оның бірнеше бейнелік, символикалық қасиеті бар. Біріншіден, ертеде отты тамақ пісіруге, үй жылтуға, қараңғы түнде жарық етуге пайдаланды. «Жаурасаң от жақ, қорықсаң от жақ, қарның ашса от жақ» деген нақыл сөз осыдан келіп шыққан.  Екіншіден, отта аластатқыш қасиет бар. Отта бәле-жаладан сақтаушы, күнәдан тазартушы күш бар деп есептейді. Соған сәйкес ертеде ел бір жұртқа көшкен кезде жұрттың орнына от жағып, адамды да, малды да екі оттың арасынан өткізіп тазартады. Бұл әдет, яғни ырым – аластау деп аталады. Аластаған кезде:«Алас, алас, әр пәледен халас, от, от тазарт бізді әр пәледен»– деп айтады. От түтінімен аурудың төсегін, жас баланың бесігін, киімдерін аластайды. Үшіншіден, оттың тазартқыш қасиеті бар. Қазақ, қырғыздар отқа табынып, оны барлық жаманшылықтан сақтаушы, тазартушы ретінде құдірет тұтады. Анимистік наным бойынша өлген адамның жаны оттан, от жарығы шырақтан қорқады. От адамға қамқорлық етумен бірге, ол оның жауы да болады. Өйткені ол мылқау, мейрімсіз, тілсіз жау.

Отқа түкipyгe болмайды, үстінен aттayғa болмайды,  оттың орнын басуға, aтты сабауға тыйым салғaн,тiптi өшiп қалған отты да aттayғa болмайды. От олардың түсiнiгiнде әлемдi тазартушы, болмыстың бастауы, мәңгілік өзгерiстiң, үйлесiмдiлiк пен қарама-­қайшылықтың, бiр күйден, екiншi күйге өтудiңрәмiзi. Ол  – болмыстың мәңгiлiгiнiңбелгiсi. Сонымен қатар от  –үйдiңкиесi, шамшырағы,отбасының символы, қазандығы ырыстың қамқоршысы. Бұл дегенiңiз от  –мәңгiлiк өмip. Сондықтан да жаңадан түскен жас келiн үлкен үйдiң отына тағзым етуге (сәлем етуге) тиiс. Жас келiн отқа еңкейiп: «от-ана, май-ана,шапағатыңды тигiзе көр», - деп жалбарынып,жарылқау тiлеп, отқа май құяды. Жас нәpecте дүниеге келгенде де дәл осылай баланы отқа жақындатып, жалбарынады.Отты аса жоғары құрметтеудіңбелгiсi oтты ана деп атау болса, майды да «ана»деп атау кездейсоқ нәрсе емес. Қазiргi түсінікке сай май оттың одан әpi маздап жануына әсер етедi, яғни үлкен үйдiң үрiм-бұтағы одан әpi өсiп-өркендей берсiн деген түciнiк бар.Бұдан басқа тағы бiр көзқарас:ол-  Ұмай ананың - май ана болып дыбысталуы.Яғни,қазiргi тiлiмiздегi май сөзi көне түркі Ұмайдың дыбыстықөзгерiске түскен тұлғaсы.Бұл туралы ғалым Қ.Жұбанов былай деп жазады: «Ол заманда әйелдер құдайының аты Ұмай болған. Кейiннен сөз басындағы Ұ дыбысы түсiп қалып,май деп айтылып кеткен.

Отсимволына байланысты тілімізде отағасы деген сөз бар. Отағасы ертеден қасиетті сөз болғанға ұқсайды. Отағасы, яғни, шаңырақтың иесі деген сөз от сөзінің ұйтқы болуымен жасалған болуы керек. От басы«бала-шаға», «үй іші» деген ұғымдарды береді. «Отыма оттық сал» – бала туғанда, шешек шыққанда айтылатын ырым бар. От символына байланысты түрлі фразеологизмдер, мақал-мәтел, тыйым сөздер т.б. мәдени құндылықтар бар. Мысалы, «үйден от кетпесін, алдан ас кетпесін», «отының басынан, ошағыңның қасынан бер» деген бата бар, отау, ақ отау, отау тікті, отау түсті, отау құтты болсын, отаса алмады, т.б. шаңырақ, жеке үй болу осы от сөзінен өрбіген сөздер.

Қалай да адамға тән ошағының оты сөнбей, түтінінің өрлей беруі бақыт. Бұл – қазақтың аса зор арманы. Отау тігіп, түтін түтеткен қазақ баласы осы салттың туын берік ұстап, жоғары көтеруге тиіс.

«От» символы мынадай ассоциациялық өрісте танылған: От жалпыадамзаттық танымда → ошақ → түтін → отбасы → ұрпақ → жан мифологемалары көрініс табады. От жалпыұлттық танымда – үйдің иесі, отбасының символы, шамшырағы, қамқоршысы. 

Әлем бейнесі мен тіл, мәдениет өзара күрделі байланыста болады. Тіл, әр ұлттың дүниетанымын, болмысын анықтап, дүниені игерудегі тәжірибесін сипаттап, бейнелеудің тәсілі қызметін атқарады. Тіл ұлттық тәжірибені тек сипаттап қоймайды, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырады. Әр ұлттың өзіне тән мәдени-танымдық ерекшеліктерін бойына жинақтау арқылы тіл шындық болмысты игереді. Яғни тіл ақиқатты сезіну, қабылдау тәсілдерінің бірі ретінде белгілі бір тілдік ұжым мүшелерін тек тілдік жағынан ғана емес, мәдени-танымдық жағынан да өзара жақындастырады. Тіл өз халқының тұрмыс-салтымен етене байланысты. Ол тек қана сол елдің тарихына, мәдениетіне ғана емес, өмір сүру әдісіне, руханият, материалдық саладағы қол жеткен жетістіктеріне байланысты. Сондықтан тіл тек ақыл-ойдың хабаршы қызметін атқарып қоймайды, ол тарихи, мәдени құндылықтарды насихаттаушы да. Тілдік ұжым мүшелерінің дүниетанымы адамзат пен мәдениеттің даму кезеңдерінің сатысынан өткен сайын ақиқат дүниені тек логикалық-позитивтік қана емес, этикалық-моральдық, ментальдық тұрғыдан да таныта алады. Тілде қалыптасқан тұрақты тіркестер – мақал-мәтелдер мен фразеологизмдер әр халықтың ғасырлар бойғы саналы еңбегінің жемісін, жетістігін анықтайды. Сондықтан да дүниенің тілдегі бейнесін жан-жақты қарастыруда концептілік ұғымменмағыналық байланыста тұратын тұрақты тіркестердің, мақал-мәтелдер менфразеологизмдердің маңызы ерекше.

Қорыта айтқанда, «от» символы – философияның маңызды  категорияларының бірі, күрделі ментальді объект. Сондықтан  ол  санада  сан  салалы  ақпараттармен репрезентацияланады. Жоғарыдағы  талдауымыз  да  оның  әмбебаптық құрылымын айқындап  көрсетті. Талдау арқылы  «от»  символының  тілдік көрінісі  әр алуан екені  байқалды:

1 Лексикографиялық материалдар  (от ағасы, от басы, ошақ қасы, т.б.)

2 Фразеологизмдер: оты шығу,от болды, отқа түсті, оттай жанды т.б.

3. Метафоралық қолданыс: от тұтатты, от жанбаған, от ала келу т.б. Демек концептілік құрылым ұғымның мазмұндық, ассоциативтік,  эмоционалдық,  вербалдық қорын  танытады.

Мағжан Жұмабаев өлеңдеріндегі «күн», «барыс», «тұлпар», «қыран», «жұлдыз» т.б. символдардың тәуелсіз Қазақ Елінің мемлекеттік рәміздері мен ел болашағын айқындайтын мемлекеттік маңызды бағдарламалардың нышанына айналуы оның ұлттық дүниетанымы мен көрегендігін, философиялық ой тереңдігімен қоса, елінің жарқын болаағына сенген оптимистік рухын айқындап тұр. Мағжан поэзиясы елімнің ертеңіне баруға лайықты қазынамыздың бірі деп айтуға толық негіз бар.

 

ҚОРЫТЫНДЫ

Әдебиет- халықтың ұлы мұрасы,  ұлтымыздың тарихижетiстiгi. Әдебиет бiр жағынан -  ұрпақтан-ұрпаққа жеткен мұра болса, екiншi жағынaн ұрпақтан-ұрпаққа жеткен көркем туындылар, рухани байлық. Ал символдар- образ тудырушы құбылыс.

Символдың тiл мен әдебиет, мәдениет сабақтастығында зерттелу жайына шолу жасай келе,символды әр ақынның қолданысындағы ерекше құбылыс ретiнде қарастыру, әр ақынның өзіндік қолтаңбасын танытатын, айқындайтын да символ екендігін зерттеу әлi де толыққанды сипатта емес деген қорытындыға келуге болады.Сондықтан бұл бағыттағы зерттеу жұмыстарының болашағы зор. Мұның өзi әрі символдың күрделi табиғатын жан - жақты және терең зерттеуге мүмкiндiк жасайды, әрі қазақ әдебиетінің алыптарының еңбегін тануғамүмкіндік тудырады. Қорытындылай келе, символ табиғаты жөнінде былай деуге болады:

  1. Символ - адам санасының дамуымен байланысты, дүниетанымның тереңдеуiнiң нәтижесi болып табылатын ерекше құбылыс.
  2. Символ - бұл әмбебап категория, сондықтан символ табиғатын ашуда бiр ғанағылым саласыныңжетiстiгiне сүйену жеткiлiксiз.
  3. Символ - бұл сезiм арқылы танылатын нәрсе. Ол интуитивтi турде ғана танылатын белгiлi бip идеяны арқалайды.
  4. Символдыңкөпмағыналылық сипаты бар, оны ақындар шығармашылығынан танимыз.
  5. Символға образдылық тән.
  6. Символ көпқырлы семантикалық- құрылым ретiнде түсiнiледi.
  7. Символ - кез-келген мәдениетке тән құбылыс.
  8. Символ - әлеуметтiк қатынастар белгiсiретiнде де қолданылады.

9) Символ- халықтыңсалт- дәстүрi, әдет – ғұрпы,наным - ceнімірухани, мәдениеттіңнегiзi.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1 ЖанпейісовЕ. Қазақпрозасыныңтілі. 1968, -Алматы.-264 б.

2Серғалиев М. Сөз сарасы. -Алматы, 1989.- 198 б.

3.ШалабайБ. Көркемпроза тілі. -Алматы, 1994.- 128 б.

4Сыздық Р. Сөз құдіреті. -Алматы, 2005, -272 б.

5 Сыздықова Р. Абайдың сөз өрнегі. -Алматы, 1995, -207 б.

6. Елеукенов Ш. Мағжан Жұмабаев. –А.,-Жазушы, 1990, -361 б.

7. Қазақ совет энциклопедиясы. -Алматы, 1977, Т.10 , – 157 б.

8.Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. -Алматы, 1999, -581 б.

9.Луначарский. А. В. собр. Соч. В 8 т. Т-4. –М., 1964, -654 с.

10.Белый А. Символизм и миропонимание. –М., 1994, -528 с.

11.Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы. -Алматы, 1983, - 326 б.

12. Қабдолов З. Сөзөнері. -Алматы, 1982, -456 б.

13.Ахметов З. Өлең сөздің теориясы. Алматы, 1973, -226 б.

14. Әдебиеттану терминдер сөздігі. -Алматы, 1996, -384 б.

15. Жаманбаева Қ. Тіл қолданысының когнитивтік негіздері. Эмоция, символ, тілдік сана. -Алматы, 1998, -137 с.

16. Маслова В.А. Когнитивная лингвистика. –Минск, 2004, -455 с.

17. Аймауытов Ж. Таңдамалы шығармалары.

18. Әуезов М. Уақыт және әдебиет. -Алматы, 1962. – б.

19.Ыбырайым Б. Жиырмасыншы жылдардағы қазақ лирикасы.Павлодар, 2007

20. Сейітов С. Сөз зергерлері.-Алматы, Жалын, 1966, 254 б.

21. Құнанбаев А. Шығармаларының бір томдық толық жинағы. Алматы, 1961, -692 б.

22.Әуезов М. Абай жолы,  -Алматы, 1990, Т-1, -604 б.

23. Жұмабаев М. Шығармалары. -Алматы, 1989, -446 б.

24 Уәлиханов Ш.Таңдамалы. –Алматы, 1985, -560 б.