Қазақстан – болашаққа ұмтылған ел
Береке неде – бірлікте,
Татулық қымбат тірлікте.
М.Байышұлы
Тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы ұзақ әрі күрделі процесс. Өмірде орындалатын бар әрекеттердің арасында байланыс болатындықтан, егемендік үшін күрес те биологиялық табиғи сұрыпталумен пара-пар. Екеуінің нәтижесінде де тек мықтылар мен төзімділер ғана тіршіліктерін сақтап қалады. Сол сияқты, адамзат баласы да өзінің сан ғасырлық тарихы бойында табиғат заңдарының ықпалына түсті деп те айтуға болады.
Ғасырлар бойы бодандықтың темір құрсауынан құтыла алмай жанталасқан қазақ халқы да өз алдына жеке халық боп қалыптасу барысында ұзақ даму дәуірлерін басынан кешірген. Толассыз болып отырған қан төгіс соғыстар, отаршыл елдердің қанаушылығы мен езгісі, феодалдық бытыраңқылықтар сынды қиын кезеңдер жұрттың еңсесін сындырмай, халық рухын шынықтырып, бірізділігін одан сайын арттырып, батырларымыз жаудың бетін қайтара алды. Тағдырына жазылған ауыртпалықтарға қарамастан бабаларымыз туған халқының болашағын қамтамасыз етіп, тілін, дінін, мәдениетін, дәстүрлері мен бостандық сүйгіш қасиеттерін сақтай білді. Азаттыққа жетер тауқыметті жолдың нәтижесінде қазақ мемлекеттігінің қайта қалпына келуіне қол жеткізді. Осыдан елімнің қайсар халық екеніне қайта – қайта көзім жетеді.
Мемлекет дамуының сәтті болуы үш шартқа тәуелді болады. Біріншісі, өткенді есте сақтай білу. Бұл алдағы уақытта елімізде тұратын барлық халық өкілдеріне бірлігіміздің қалай қалыптасқанын тереңінен түсінуге көмектесіп, бұрын болған қателіктердің бұдан былай қайталануына жол бермеуге тиіс. Сондай-ақ, «айтып өтпей болмайды ғой, бұрынғы өткен сарынды» демекші, қазақ баласы әр уақытта өзінің тарихына деген қарым – қатынасымен ерекшеленген. Себебі, кез келген ұрпақтың елім деп еңіреп өткен ерлері мен халық қамын жеген қайраткерлерін білуі абзал. Келешекке көз жүгірту мен тиімді жоспар құра білу қасиеті екінші шартты құрайды. Ел үшін нақты міндеттер мен ғаламдық мақсатты қоя білу – мемлекеттікті нығайтудың бірден-бір аспекті болып табылады.
Үшінші бағыттың төркіні, әрине, бүгінгі күнді мазмұнды өткізуде жатыр.
Қазіргі таңда Қазақстан экономикалық, әлеуметтік, саяси-демократиялық тұрғыдан жедел даму жолына түскен, тек бұрыңғы кеңес өкіметі республикалары аясында ғана емес, сондай-ақ әлемдегі қарқынды дамып келе жатқан елдердің бірі болып саналатынын көреміз. Әрине, мұндай жетістік өздігінен келе қоймайды. Оған қоғамдағы азамматық бейбітшілікті, ішкі саяси тұрақтылықты сақтауға, ұлтаралық қатынастардың тиімді тұтқаларын жасауға орай бағытты дұрыс таңдап алудың арқасында қол жеткізілді. Осындай тарихи міндеттерді шешуде біздің тарихи тұлғаларымыздың, жаужүрек хан, қолбасшыларымыздың жолын қуған, ел перзентіне айналған, халқының «қара ағаштай панасы» -Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атын атап кетпесе болмас. Ол – ұлттық тарихтағы жаңа дәуірдің қалаушысы, келбеті әрі бұл тарихтың үлкен бөлігі. Билік басына келген сәтінен келеңсіздіктерге жол берген жоқ. Оның қызметі мен жеке тұлғасындағы сөз бен істің, теория мен іс жүзіндегі практикасының, мақсат пен іс-қимылының бірлігі, сондай-ақ халықпен бірге өмір сүру және еліне адал қызмет ету қасиеті айқын көрінеді. Ол қысқа кезең ішінде тәуелсіз мемлекеттің оң жетістіктерге жетуі үшін дұрыс жоспар құра білу арқасында ғана қол жеткізуге болатындығын бүкіл әлемге дәлелдеп берді. Елімізге кеңес империясынан мұра болып қалған көптеген өткір де өзекті мәселелердің шешімін іздестіріп, саяси, экономикалық және әлеуметтік - мәдени салаларда реформалар жүргізуге кірісті, өтпелі кезеңнің ауыртпалығын артқа тастап, тиімді нарықтық экономиканы қалыптастыра алды.Ұлттық валюта – теңге тұрақты қаржы бірлігіне айналды. Еліміз «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасын қабылдап, өзіндік даму жолын таңдады.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Н. Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан халқы ынтымақтасып, жалпыұлттық, ұлтаралық бірлікті нығайтуға, рухани-мәдени құндылықтарды жаңғыртуға қол жеткізді, сонымен қатар ұмытылып қалған салт-дәстүрлеріміз, тіліміз, дініміз қайта жандана бастады.«Ортақ мүдде ортақ жетістіктерге жігерлендіруге тиіс. Бүгінде Орталық Азияда қоян-қолтық жатқан бауырлас елдердің мүддесі біреу – ғасырлап күтіп, әзер қолы жеткен азаттықтан айырылып қалмау. Ол үшін ішкі татулықты да көздің қарашығындай сақтай білу керек»,- деп Елбасымыз қазіргі таңда халықтар арасындағы достық пен ұлтаралық келісімге бағыттап ұстанған жоспарларын жүзеге асыруға орай орасан зор жұмыс атқарылып жатыр. Осыған бір үлкен дәлел біздің республикамыздың өміріндегі аса маңызды оқиғалардың бірі болған 1995 жылы Президентіміздің бастамасымен Қазақстан халықтары Ассамблеясының құрылуы. Бүгінгі таңда ол көпұлтты халықтың бірлігі идеясын жүзеге асыруда. Өз қаламдағы «Достық үйі» де ұлттық мәдениеттерді дамыту үшін ашылған еңселі орын. Сонымен біз тәуелсіздікті сақтап қалу жолында, жаңа қоғам құру жолында бейбітшілік пен келісім жағдайында өмір сүру мүмкіндігіне ие болып, маңызды да күрделі мәселелерді күш қолданбай шешуді үйрендік. Ұлт көшбасшысы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVІ сессиясында сөйлеген сөзінде: «...ұлттық бірлігімізді нығайта отырып біз өз мемлекетімізді күшті етеміз. Сондықтан да бірлік біздің стратегиялық таңдауымыз болып табылады» деді. Менің ойымша, біз бұл жолды жалғастырып қана қоймай, болашақ ұрпақтарымыздың сенімді әрі қолайлы өмір сүрулері үшін жаңа мазмұнмен толтыруымыз керек. Бұған дейін жиналған мол тәжірибені бағалау, толеранттыққа, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге тәрбиелеу, қоғамдағы тұрақтылық үшін әрқайсымыздың жауапкершілігіміз біз үшін маңызды. «Кемел келешек – баянды бірлікте» дегендей, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев этносаралық келісім мен толеранттықты қамтамасыз ете білді.
Н. Назарбаевтың бастамасымен атқарылған дүниежүзілік-тарихи маңызы бар істердің бірі – қырық жылдан астам уақыт бойы адамзат баласына от бүркіп, апат қаупін төндірген Семей ядролық полигонының жабылуы. Адамзаттың қауіпсіздігін, халқының тыныштығын ту еткен Елбасымыз арқасында бұл полигон енді мәңгіге тыншыды. Сонымен біз дүние тарихындағы тұңғыш рет осындай жойқын қарудан бас тартқан мемлекетке айналдық. Бұл орайда, таяуда елімізге келген БҰҰ-ның бас хатшысы Пан Ги Мунның «Ядролық қаруға ие барлық елдерді Қазақстанның жолымен жүруге шақырамын», деген мәлімдемесі көп жәйтті аңғартқандай.
Елорданың Алматыдан Астанаға көшірілуі де бір үлкен батыл қадам. Тәй- тәй басып, өсіп келе жатқан астанамыз бар болғаны он жыл ішінде үлкен мегаполиске айналды. Елордамыз Қазақстан Республикасының еуразиялық мемлекет екенін, болашақ кілті Шығыс пен Батыс мәдениетін біріктірген осындай қалалардың қолында екендігінің бірден-бір дәлелі. Ұлан-ғайыр даланың ортасында бой көтерген жаңа шаһар – қазақстандықтар үшін зор мақтаныш, ал меймандар үшін таңқаларлық мекен дегім келеді.
Соңғы уақытта тарихи және символдық маңызы бар болған оқиға - еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі. Қазақстан ТМД - дағы, Орталық Азиядағы ықпалды да ауқымды еуропалық ұйымға басшылық ететін алғашқы ел болып отыр. Елбасымыз бұны стратегиялық ұлттық жобаларға жатқызып, еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы өте маңызды жетістігі және елдің артып отырған беделін көрсететіндігі туралы айтады.
Нұрсұлтан Әбішұлы іс-сапарларда басқа мемлекеттердің тәжірибесімен танысып, мол үлгі алады. Әсіресе, үлкен білім беру орындарынан. Себебі, Қазақстан бүгінгі таңда қай саласынан болмасын жаңа білімді кадрларды талап етеді. Еліміздің жоғарғы оқу орындары мен шетелдік унивеситеттердің қарым-қатынасы арқасында жаңа оқыту үлгілері мен әдістері жасалынып жатыр. Бұл Елбасымыздың басқа мемлекеттермен қарым – қатынасын кеңейту мен нығайту мақсатындағы, еліміздің гүлденуіне арқау болатын тағы да бір игі істері. «Мен үшін елімді дамыған елдердің сапына тұрғызып, санатына қосудан үлкен мақсат жоқ» деуі де кепіл.
Міне, осылай тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасы қаланды. Қазақ елі бүгін әлемдік қауымдастықтың, халықаралық сахнада лайықты мүшесі ретінде дамуда. «Бастауы бар бұлақ ұзақ ағады» демекші, болашақ тізгінің мықты ұстаған ұрпақ көк байрағымызды көгімізде желбіретіп, әнімізді әлемге әуелетеді, ал іргелі еліміз Қазақстан мемлекеті әлі биік шыңдардан көрінетіндігіне кәміл сенемін.
«Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!»,- деп осы сөздерге сүйене отырып, жаңа ұрпақ жаңа Қазақстанға аяқ басуда үлкен үлес қосуы керек екендігін алдымызға мақсат етіп,еліміз, жеріміз үшін, Отанымыздың күш-қуатын ілгері нығайта беру үшін күрескен ата-бабаларымыздың жан айқайын бүгінгі ұрпақ – біз айрықша айқын түсініп, айрықша терең ұғынуымыз лазым. Қазақстанда тұратын әрбір ұлт азаматы болашақтағы өмірінің мәнді де, сәнді өтуі елінің халқы арасындағы бірлігіне туелді екенін білуі тиіс.
Өмір - өзен, өткелі мен алапат тасқыны мол-қытымыр тіршілік. Осындай қасірет бұлты торлап, алмағайын уақыттың зардабын шеккен қазақ халқы ендігі таңда жаңа өмірдің жақсылығын көру міндетті. «Мемлекетті құруда ұлттық бірлігіміздің жойылуына жол берілмеуі тиіс» деп Елбасымыз айтқандай, біз еңсемізді биік ұстап, біртұтастықты, ұлттық-мәдени көпқырлылығымызды дамытуды, ең бастысы – көптен тілеген демократиялық бостандықты жоғалтпауды парыз санаймын. «Қазақ» сөзінің өзі «еркін» дегенді білдірмейме?