Қазақстан – болашаққа ұмтылған ел
Болдым ғашық, туған дала, мен саған,
Алыс жүрсем, арманым- сен аңсаған;
Жақын жүрсем, мен-төрінде жанаттың,
Алтын діңгек- өзім туған босағам!
"Туған жер". Қ. Аманжолов
Түн. Көзге түртсе көрінбейтін қараңғы. Аспанның қабағы бірнеше күн ашылмай түнеріп тұр. Қап-қара түнерген даланы тек ай сәулесі ғана сәл жарықтандырады. Долы боран. Орман ішінде бет-аузын жалаған боранға қарамай, басында орамалы, денесінде тоны, аяғында пимасы, қолына дорба ұстаған кішкентай қыз келеді. Ол жаурағанына қарамастан, еңсесін тік ұстап келе жатыр. Желге қарсы жүргендіктен, ерні тілініп, жарылыпты. Оны қайта-қайта жалап қояды. Қабағынан қар жауып, кірпігіне мұз қатып келе жатқан ол біреу кездесіп қалар деп, жан-жағына жалақтап қарайды.
Бір кезде алыстан лаулаған оттың көлеңкесі қол бұлғағандай көрінді. Жақындап келсе, бір кәрі қария от жағып, жылынып отыр екен. Қыршылдаған қардан біреудің келе жатқанын сезген қария жалт қарады. Бейуақыттағы жолаушыны көріп таңданған ол: "Қызым, бері кел, жаураған шығарсың?"-деп жанына шақырды. Бірер мезеттен кейін қыз аяғын ақырын басып, отқа жақындады. Қол-аяғын жылыта отырып, қарттың өн бойына үңіліп қарады. Бет-ажары Сарыарқа тауларындай қатпар- қатпар, бетіне әжімдер әбден қаптаған қария екен. "Қызым, мұнда неғып жүрсің?"-деді қарт. "Мен түсімде бір қарияны көрдім. Ол маған осындай күні орманға кел деп аян берді",- деді қыз. "Дұрыс. Ол қария менмін. Мен жай қария емеспін, Қыдыр атаны естіп пе едің? Сол атаң мен боламын. Мен сені әдейі таңдап алдым. Өйткені, бүгін ұмытылып бара жатқан тарих беттерін саған баяндаймын. Сен оны халыққа жеткіз. Қабілетің бар екен",- деді де қария өз әңгімесін бастады: "Тарихи сыры да көп, мұңы да көп түркі текті халықтардың ішіндегі іргелісінің бірі, бірі де болса бірегейі- қазақ халқы- сенің елің, атамекенің. Қазақ халқының даму жолына зер салатын болсақ, оның ұлттық ерлік тарихы өте бай екендігін аңғарамыз. Бұл ерліктер көркем жырдай қызғылықты, ғибратты. Ол шежіре сонау қазақ хандығының құрылуынан басталады. Жәнібек пен Керей қазақ ұлты үшін, тілі мен мәдениеті құрып кетпес үшін, неше ғасырлар бойы аңсаған қазақ елінің тәуелсіздігін алып, қазақ елінің еңсесін көтеріп тастады. Бірақ бұл егемендік оңайға түскен жоқ, кейіннен де "Ақтабан шұбырынды " шайқасы болып, қаншама бауырларымыз қырылды. Қытайға, Жоңғарияға, басқа да көптеген көршілес мемлекеттерге шұбырып кеткен боздақтарымыз да жетерлік. Бірақ халқымыз кейіннен "Бұланты", "Аңырақай" шайқастарында табандылық көрсетіп, Жоңғария мемлекетін жеңіп шықты. Әр түрлі қырғи- қабақ шайқастардан шаршаған халқымыз енді Ұлы Ресей мемлекетінің қол астына кіре бастады. Бірақ Ресей үкіметі қазақтарға отарлау саясатын жүргізіп жатты. Шұрайлы жерлерін алып, малдарын айдап кетіп, орыстандыру саясатынан халдері ауырлаған сайын, халық наразылығы күшейіп, патша үкіметіне қарсы Исатай, Сырым, Кенесары бастаған қозғалыстары болды. Орыстың көп жыл қанауында болған қазақ елі Ә.Бөкейханов төраға болған "Алаш " ордасын құрды. Танашев, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, Ә.Ермеков басқа да орда мүшелері Алаш автономиясының территориясындағы жергілікті басқаруды ұйымдастыру мен автономияны басқару мәселесін талқылады. Бірақ қазақ халқы қанша дегенмен орыстың ықпалында болды. Орыстың рұқсатынсыз ешбір қаулыны қабылдай алмайтын. Ұлы халық бізді өз уысынан жібергісі келмеді. Кейіннен 1941 жылы баққұмар Гитлердің нұсқауымен неміс халқы ортақ жерімізге соғыс ашты. Туған жерін, Отанын қорғап, азаттығы үшін қасық қандарын аянбаған батыр бабаларымыз Бауыржан, Баубек, Шығыстың қос шынары Әлия мен Мәншүктер сол бір қанқұйлы соғыста ерлікпен елімізді қорғаса, кешегі қанды желтоқсанда тәуелсіздік жолында құрбан болған Қайрат, Жадыра, Ләззат сынды апа-ағаларымыз алдында біз борыштармыз.
Өткенім бар - өкініш, жасыра алман,
Тарихым бар жазылған ғасырлардан.
Қазақ деген ел барын әйгіледім,
Жаңа ғасыр, сен енді бас ұр маған!
Орындалсын аңсаған асыл арман!-
деп ақын жырлағандай өткенімізге өкініп, қилы тағдырды басынан төңкерген шежіре тарихымызды баяндадым. Бәрі де кеше болғандай есімде. Тарихтың әр парағы ел есінде, тарих елегінде болуы шарт!"- деп қария көзіне жас алып, тебірене "Ақтабан шұбырындыда" шығарған халық әні "Елім-айды" әндете жөнелді. Қыз енді ата көңілін жұбатайын деп, бүгінгі тәуелсіздік туралы сөз қозғады: "Иә, ата. Тарих – халықтың неше мың ғасырлар бойы сүрген өмірінің айнасы. Тарих елегінен өткен ескермейді де, тозбайды. Бірақ, ата, қазіргі халқымыз тату- тәтті өмір сүріп жатыр. Желтоқсан оқиғасынан кейін, 1991 жылы он алтыншы желтоқсанда тәуелсіздігіміз жарияланып, алғашқы Елбасын тағайындадық. Осы мемлекеттің аты ұлтымыздың атына сәйкес- тәуелсіз Қазақстан деп аталады. Әнұранымен айбатты, елтаңбасымен еңселі, туымен тұғырлы мемлекет өз ақшасын- теңгені шығарды. Әрбір теңгеде қазақтың ұлы адамдарының келбеті кескінделген. Бұл ешкімнің де ұмытылмағанын көрсетеді.
Қазір елім достықтың гүлстаны, Қуаныштың, бақыттың ырыс бағы. Мейрамдарын елімнің бірге тойлап, Мұнда сан ұлт қосылып ту ұстаған. Орнап отыр елімнің тәуелсіздігі, Қолға тиді елдің ерік тізгіні.
Ұлты үшін жанын берер ұлдары,
Дербес, берік мемлекетпіз біз бүгін. Әнұраным қайрат беріп шырқалған, Елтаңбам бар төрден орын ол алған. Тілім алып мемлекеттік мәртебе,
Көк туым бар көк аспанмен ұштасқан. Ел басқарған Нұрсұлтандай ағам бар, Көк алқапты жасыл жайлау даламбар
Ел бірлігін, ел тірлігін тілеген,
Ақ ниетті халық деген данам бар.
Менің ойымша, болашақта Қазақстан дамыған елдер қатарына қосылып, гүлденген мемлекет боларына ешбір күмәнім жоқ, ата! Шығармамды туған жерге деген ыстық махаббатпен жазылған туындыммен аяқтағым келеді.
Отан деген әрбір жүрек дірілі,
Отан үшін болып келем үлгілі.
Менің, сенің үмітіміз ертеңгі,
Қазақстан- келешектің мекені.
Дарқан далам- сенің, менің қуатым,
Ата-бабам - сақтаған жез қанатым.
Салт-дәстүр, дініміз бен тіліміз,
Бола бермек мәңгі менің жалауым.